Торт бағасына не әсер етеді?

0

Санаулы күндерден кейін Жаңа жыл! Бұл мейрам тек сыйлықтар мен көңілді кештер ғана емес, сонымен бірге жақындарыңызбен бірге өткізетін дастархан басындағы ерекше сәттермен есте қалады. Әрине, кез келген мерекелік дастарханның сәні – торт. Алайда, соңғы уақытта торттың бағасы едәуір қымбаттап кеткені байқалады. Мұның себебін түсіну үшін бір бисквитті тортты пісіру үшін қандай ингредиенттер қажет екенін және олардың бағасын қарастырайық.

Орташа алғанда, стандартты бисквитті торт пісіру үшін келесідей өнімдер қажет:

Ұн – шамамен 200 г (1 кг ұнның бағасы 350-500 теңге, 200 г – 80-100 тг). Жұмыртқа – 5-6 дана (1 жұмыртқа орташа 70-80 тг, барлығы – 400-480 тг).

Қант – шамамен 200 г (1 кг қант – 400-450 тг, 200 г – 80-90 тг).

Сары май  – 150-200 г (орташа бағасы 800-1500 тг).

Сүт немесе қаймақ – шамамен 200 мл (1 литр сүт – 450-600 тг, 200 мл – 90-120 тг).

Кремге арналған өнімдер (қаймақ, қоюландырылған сүт, кілегей) – орташа 1500-2000 тг. Қосымша ингредиенттер (ванилин, разрыхлитель, безендіруге арналған жемістер немесе шоколад) – шамамен 500-1000 тг. Барлығы орташа есеппен  – 4000-5000 теңгеден асады.

Дүкен сөрелерінен қолжетімді бағада торттар табуға болады. Алайда, қазір көпшілігі ерекше дизайнмен, табиғи өнімдерден дайындалатын торттарды кондитерлерден тапсырыс беруді жөн көреді. Осыған орай жергілікті кондитерлердің бірнешеуіне жазып, бисквитті торттың бағасын білген едік.

Олардың айтуынша, 1 келі бисквитті торттың бағасы шамамен 3500-5500 теңге аралығында. Алайда, көпшілігі 1,5-2 келіден жоғары тапсырыс қабылдайды. Тортты мерекеге орай безендіргіңіз келсе, дизайнның күрделілігіне қарай қосымша ақысын төлейсіз. Қазір танымал «Молочная девочка», «Сникерс», «Вупи пай», «Красный бархат, «Медовый» торттарының бағасы қарапайым бисквитті тортпен салыстырғанда қымбаттау, 1 келісі 7000-7500 теңге көлемінде. Баға айырмашылығының себебі неде? Бұл сұраққа қордайлық кондитер Арайлым Дулатқызы былай деп жауап берді:

«Бұл торттар тек бисквитпен шектелмейді, олар ерекше дәм мен текстураны қамтамасыз ететін қосымша және жоғары сапалы ингредиенттерді талап етеді. Мәселен, «Молочная девочка» қоюлатылған сүтке негізделген, құрамындағы кремдер майлылығы жоғары кілегейден жасалады. Ал, қоюлатылған сүт пен сапалы кілегейдің бағасы жоғары. «Сникерс» тортына карамель, шоколад, жаңғақтар (көбінесе грек жаңғағы немесе арахис) кіреді. Жаңғақтардың бағасы әдетте жоғары, ал карамель мен шоколадтың дайындалуы көп уақыт пен шығынды талап етеді. Бұған қоса, мұндай торттарды дайындау көп уақыт пен ерекше шеберлікті талап етеді»,-деп түсіндірді.

Қорыта келгенде, дайын тортты сатып алу, тапсырыспен жасату немесе өз қолыңызбен пісіру – әркімнің жеке таңдауы. Егер торт бағасы қымбат болып көрінсе, бұл тәттіні үйде жасап көру – қызықты әрі үнемді шешім. Ал егер дайын тортқа тапсырыс беруді шешсеңіз, оның сапасына, ингредиенттеріне және кондитердің сенімділігіне ерекше көңіл бөлген жөн.

Мерекелік дастарханның ерекшелігі – сүйікті торттың болуы, бірақ одан да маңыздысы – отбасыңызбен және жақындарыңызбен бөлісетін жылы сәттер. Сол сәттер әрдайым есте қаларлық болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.