Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейтудің маңызын атап өткен еді. Бүгінде өркениет көшіне ілескен елдердің қай-қайсысы да жасанды интеллектіні дамытуға айрықша басымдық беріп отырғаны мәлім. Бұл үрдістен еліміз де шет қалмайтыны анық.
Бүгінде БҰҰ бағалауынша еліміз цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. 193 мемлекет арасында Қазақстан 24-орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексінде 10 көшбасшының қатарына кіреді. Мысалы, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті.
Primeminister.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, елімізде биометриялық сәйкестендіру және QR-қолтаңба қызметтері енгізіліп жатыр, бұл электрон-дық қызметтерді алу үдерісін едәуір жеңілдеткен. 2024 жылы QR-кодтардың көмегімен 8 млн-нан астам қол қойылды, ал Digital ID жүйесі арқылы 18 млн-нан астам сәйкестендіру жүргізілді.
«Электрондық үкімет» платформасын жетілдіру және жаңғырту үдерісі үздіксіз жүргізіліп жатыр және үшінші нұсқаға көшудің белсенді кезеңінде. Жаңа eGov ЖИ технологияларын қолдану арқылы айтарлықтай тұрақты әрі ыңғайлы болады.
Еліміз Тәжікстан, Того, Сьерра-Леоне сияқты елдермен электрондық үкімет саласындағы озық шешімдерін бөлісе бастады. Мемлекет тіркеуден бастап компанияларды таратуға дейінгі қолдаудың толық циклін қамтамасыз ете отырып, бизнес үшін де осындай сервистерді әзірлейді.
2024 жылы еліміз IT-саласында қарқынды өсімді көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. Соңғы үш жылда 16% өсім. Мәселен, елімізде «Astana Hub» халықаралық технология паркі жұмыс істейді. Бүгінде ол Қазақстандағы IT-стартаптарды дамыту орталығы ретіндегі рөлін айқындады. Технопарк 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Олардың ішінде 1102 отандық және 437 шетелдік компания бар. Қатысушылардың жалпы табысы 1,2 трлн теңгені құрады. Өсім соңғы бес жылда 31 есе артты. Биыл экспорттық түсім 140 млрд теңгеден асты. Төрт жылдағы жылдық өсім де 10 еседен астам. Осылайша, «Astana Hub» өңірдегі жетекші технопарк ретінде өз позициясын нығайтуда.
Инновациялық экожүйенің негізгі элементі – аймақтық хабтардың дамуы. Бүгінде елімізде осындай 18 алаң жұмыс істейді. Олар жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікті дамытуға белсенді ықпал етеді. Стартаптар мен IT-индустриясын дамыту жөніндегі барлық бағдарлама аймақтық IT-хабтар үшін қолжетімді. Осыған сәйкес, өңірлік хабтар дарындарды ашуға және күшті инновациялық экожүйені құруға ықпал ететін отандық IT-индустрияны дамытудың маңызды драйверіне айналды.
IT-саланың әлеуетін толыққанды ашу үшін «Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» құрылды, онда IT-мамандарға, инноваторлар мен ғалымдарға мемлекеттік қолдау шараларының көпшілігі шығарылды. Портал мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінде оны жыл сайын жарты млн-нан астам адам пайдаланады. Портал eGov секілді бірыңғай терезеге айналды деп айтуға болады.
Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен білікті мамандарды тарту үшін мүмкіндік жасалып отыр. АХҚО базасында Экспат орталығы жұмыс істейді. Ол шетелдік мамандарға мемлекеттік қызметтерді алудың бірыңғай терезесі ретінде қызмет етеді.
Еліміздің IT-қызметтерінің экспорты қарқынды өсімді көрсетіп отыр. 2023 жылы оның көлемі 529 млн долларға жетті, ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 305 млн доллардан асты. Яғни Мемлекет басшысының 2026 жылға қарай IT-қызмет экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы сенімді түрде орындалып жатыр. Ол үшін елімізде жетекші сарапшылар мен инвесторлар тартылатын түрлі акселерациялық бағдарламалар жүргізіліп отыр. Осылайша, коммерциялық өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдетеді.
Сонымен қатар халықаралық желі де кеңейіп келеді. Қазір АҚШ, Сауд Арабиясы және Сингапурда үш шетелдік IT-хаб табысты жұмыс істеп отыр. Осы бастамалардың барлығы дарындардың басын қосуға көмектеседі әрі отандық стартаптарға халықаралық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Еліміз қазірдің өзінде жасалған венчурлық мәмілелер көлемі жөнінен көш бастап тұр. Маңызды инвестицияларды CITIX, Hero’s Journey, Higgsfield AI және басқа да компаниялар салды. Осы компаниялардың кейбірі қазірдің өзінде 100 млн доллар бағалауға қол жеткізді. Шын мәнінде, еліміз өңірдегі инновациялардың негізгі орталығына айналып келеді.
Бүгінде 86 елге IT-қызмет экспортталады, бұл отандық компаниялардың жоғары сұранысы мен жаһандық деңгейде табысты бәсекелесу қабілетін растайды. Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Ирландия, Мексика, АҚШ және Сингапур.
2024 жылы IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті, бұл білікті кадрларға және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларына жоғары сұранысты көрсетеді. IT-саладағы жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жеке IT-мектептерді ынталандыру арқылы 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлауға бағыт¬талған «Tech Orda» бағдарламасы іске қосылды. Жеке IT-мектептер ақпараттық технология¬лар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындады. Бұл бағыттағы жұмыс еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шеңберінде жүргізіліп отыр. Айтпақшы, басқа салалардан IT-саласына ауыса алған «Tech Orda» бағдарламасының түлектерінің сәтті мысалы да аз емес.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында тұрақты даму үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңызын атап өткен еді. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше маңызды бастаманы жүзеге асырды:
— саланың дамуын үйлестіретін ЖИ комитеті құрылды;
— 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітілді;
— ЖИ туралы заң жобасы әзірленді, ол одан әрі өсу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз етеді.