ТРАНСПЛАНТАЦИЯ МЕН ДОНОРЛЫҚ – ИГІ ІС тек соған тәуекел ететіндер аз

0

Қазақстанда жыл сайын органдарды ауыстыруға байланысты шамамен 300 операция жүргізіледі, мұндай операция жасалуға тиіс адамдар саны бүгінгі күнде 3,5 мың адамға жетіпті. Жағдайды қиындатып отырған басты себеп-донорлық органдардың тапшылығы. Бұл проблема қалай шешілмек? Қазақстанда донорлық қалай дамуда? Трансплантологияның даму келешегі қандай болмақ? Бұл көптің көкейіндегі сауал.

Донор болуға қазақ дайын емес!
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантациялау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Серік Жариков мырзаға құлақ түрелік: «Тәуелсіз Қазақстанда трансплантация 2012 жылдан бастап қарқынды дами бастады, ол кезде елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған еді. Сол кезден бастап Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен трансплантациялық үйлестіру жөніндегі бірыңғай қызмет, яғни Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантациялау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы құрылды. Орталықтың тікелей денсаулық сақтау министрлігіне қарасты екендігіне назар аударғым келеді. Бұл бүкіл әлемге тән практика, трансплантация жөніндегі ұлттық орталықтар денсаулық сақтау министрлігіне бағынады немесе оның құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Тек кейбір елдерде ғана ол мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік, бірақ қандай жағдай болмасын оған мемлекет тарапынан бақылау жүргізіледі. Қазіргі кезде Қазақстанда орташа алғанда шамамен 300 ота жасалады. 2012 жылдан бері 1,5 мың операция жасалды, дәлірек айтар болсақ – 1508 бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе алмастыру және бірлі-жарым ұйқы безін алмастыруға қатысты оталар бар.
2012 жылдан бері біз мәйіттік донация мен тірі донорлық жағынан біршама тәжірибе жинақтадық. 2012 жылдары туысқандардан өлген адамның донорлыққа көзқарасы қалай еді, деп сұрағанда, олардың реакциясы тым негативті болатын, адамдар тіптен бізбен сөйлескісі келмейтін. Бүгінгі күнде жағдай түбегейлі өзгерген. Дегенмен, статистиканы алар болсақ, 70% жағдайда біз рұқсат ала алмаймыз. Өлген адамның туыстары оның донорлыққа қатысты көзқарасын білмейтіндігін, ол үшін шешім қабылдай алмайтындығын айтады. Сол себепті елде донорлық органдар тапшы. Бұл көп елдерге тән жәйт. Қазақстан емханаларында өлген соң донор болуға ерікті түрде келісімдерін берген 15 адамның өтініші ғана бар. Әзірге Қазақстан азаматтары органдарын беруге дайын емес». Бұл да болса трансплантацияға халықтың әлі көзі үйренбегенін, әлі де тәуекелі жетпей жатқанынан хабар берсе керек
Қалай десек те қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыруда. 1902 жылы аустриялық хирург Е.Ульманн оташылар қоғамының кезекті отырысында алғаш рет бүйректі зертханалық жағдайда трансплантациялау отасын (иттің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асырғаны жайлы хабарлама жасады. Оның бұл бағыттағы жұмысын АҚШтың Чикаго университетінің клиникасында А.Каррель жалғастырып, 1904 жылы бүйрек алмастыру операциясын жүргізді. Сөйтіп трансплантологияны дамытуда сіңірген еңбектері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұңғыш Нобель сыйлығына ие болған ғалым Алексис Каррель болды. Әлем ғалымдарының ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. Көп ұзамай дәрігерлер Хьюм, Меррил және Торн алғаш рет адамдарға бүйрек алмастыру оталарын жасап, тәжірибеге енгізді. Бауырды алмастыру проблемалары бүйректен кейін екінші болып қолға алынды. Осы жерден тоқтап, ойымызды медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков мырзаның мына бір пікірімен тұздықтасақ: «Қазақстанда органды трансплантация (бауыр алмастыру) операциясы тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу хирургиялық институтында (Алматы) 1997 жылы жасалды. 2000-жылдары профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр жасушаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізді. 2009 жылдан бастап елімізде лейкоз ауруларына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру операциясы жасала бастады. Егер 2009 жылы елімізде органдар мен сүйек майына бар-жоғы 4 ота жасалған болса, 2012 жылы олардың саны 74-ке, ал 2013 жылдың жарты жылында 93-ке жетті. Қазіргі кезде трансплантация экспериментті биология мен медицинада ауто- (өз тіндерін трансплантациялау), гомо- (сондай түрдің донорынан трансплантациялау) және гетеротрансплантация (басқа түрдің донорынан трансплантациялау, мысалы, итке қояннан) кеңінен қолданылады. Трансплантатқа қойылатын басты шарттар: мәйіт жас адамдікі болғаны жөн; қан қысымы қайтыс болғанша қалыпты деңгейде болуы; қатерлі ісік немесе жұқпалы аурумен ауырмағандығы; ауруханада қайтыс болуы (немесе адам қайтыс болар алдында бірнеше сағат ауруханада болғаны) қажет. 2012 жылдың 8 тамызында Қазақстан кардиохирургтері созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны 38 жастағы Жәнібек Оспановқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен Чехияның кардиохирургі Жан Пирктың қатысуымен жүзеге асты. Мұндай күрделі ота отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ Ұлттық медициналық холдингінің 3-клиникасының – Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы мен Республикалық диагностикалық орталығының жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Себебі, ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен. Осы ақпар түскен бетте Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының бір топ дәрігері донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттердің тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерттеулер жүргізуді бастаған.

Игорьдың ерлігін кім қайталай алады?
Ал Республикалық диагностикалық орталығы лабораториясының мамандары тәулік бойы барлық қажетті зерттеулерді жүргізді. Сөйтіп, миына қан құйылып қайтыс болған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы пациентке беру туралы шешімге келген. Ал Игорь Воротников есімді азамат анасының жүрегін трансплантациялауға келісім беру-бермеуді тәулік бойы ойланған. Мұндай шешім қабылдау оған да оңай соқпағаны анық. Алайда, ол осы шешімі арқылы үлкен гуманистік қадамға барды. Ота сәтті өтті. Анасының жүрегі трансплантацияланған науқас Жәнібек Оспановтың жағдайы отаның күрделілігіне сай, динамикасы тұрақты болды. 22 күннен кейін клиникадан үйіне шықты. Осыдан 5 жыл бұрын біз мұндай ота жасау туралы тек армандап келсек, енді, міне, соған Елбасымыздың сарабдал саясаты мен денсаулық сақтау саласын қолдауының арқасында қолымыз жетіп отыр. Бұл ота – біздің холдингтің ғана емес, қазақстандықтардың да жеңісі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықты ашқан кезде, біздің алдымызға осы орталықта бүгінгі таңдағы медицинадағы алдыңғы қатарлы озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берген болатын. Жүрек алмастыру отасын қазақстандық медицинаның Мемлекет басшысы тапсырмасын сәтті жүзеге асырғанын көрсетеді, – деп хабарлады сол кездегі Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Байжүнісов. Дәрігерлер дерегіне жүгінсек, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау емделушінің өмірін 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Ал біздің елдің заңы көз жұмған науқастың органын туыстарының рұқсатымен трансплантациялауға рұқсат береді. Соған қарамастан, ешкім туысының органын донорлыққа қимайды. «Енді донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістерді Денсаулық сақтау кодексіне енгізіп жатырмыз. Биыл ол өзгерістер күшіне енеді. Бәлкім, сонда халықтың түсінігі өзгеретін болар», – дейді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Өйтпегенде, бүгінгі таңда елімізде орган алмастыру кезегінде тұрған 7 мыңнан астам адамның арман-тілегін орындау мүмкін болмай қалады. Еліміздің бас трансплантологы Ғани Құттымұратовтың айтуынша, сол 7 мыңның тең жартысы бүйрек алмастыру кезегінде тұрғандар. Олардың басым бөлігі 35-40 жастағы науқастар. Арасында өмір бойы диализ алып жүргендер де бар. Бірақ соның бірлі-жарымы ғана операция үстеліне жатады. Көп жағдайда бүйректі туыстары береді. Ал жүректі трансплантациялауға Қазақстан тарихында алғаш рет келісім беріліп отыр. Анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа, бүйрегін Евгений Курц атты азаматқа беруге келісім берген жігіттің ерлігі өзгелерге үлгі болса, қанеки. Марқұм Галина Воротникованың жүрегі мен бүйрегі екі адамның өмірін ұзартып, олардың жақындарын қуанышқа бөлеп отыр. Донордың ағзасын алуға келісім берген отбасының игілікті ісі таңдану мен қошеметке лайық. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донордың немесе оның туысқандарының тірі кезінде бас тартқан жағдайда ағзаларын алу процесі жүргізілмейді. Ал егер донор болса, Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, интеллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар» дейді ол.
Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада оның бас дәрігері, профессор Болат Баймаханов басқарған оташылар тобы бүйрек пен бауырды алмастыру операцияларын жасауға кірісті. Бұл бағытта жасалған олардың алғашқы қадамдары қуанарлық. Бұл жағымды істер көп жылдар бойы ғалым-дәрігерлердің алдарына қойған үлкен арманы еді. Біздің елімізде бүйрек ауыстыру операциясы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында 1978 жылдан бастап жасалуда. Осынау уақыт аралығында Қазақстанда 700-ге жуық науқас бүйрегін алмастырды. Бүйрек алмастыру операцияларын 2013 жылы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында оның бас дәрігері, профессор Мәди Биғалиев Оңтүстік Корея хирургтерімен бірлесе отырып, облыстық әкімдіктің қолдауымен іске асырды. Осы емдеу мекемесінде бір жылдың ішінде 11 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Әрине, бұл шымкенттік әріптестеріміздің үлкен жетістігі екенін мойындауымыз керек. 2016 жылы Астанадағы Ұлттық кардиохирургия мен Онкология және трансплантология ғылыми орталықтарының дәрігерлері бірігіп бір мезетте жүрек пен бүйректі 37 жастағы Амангелді Напилов атты науқасқа алмастыру отасын сәтті орындап шықты. Мұндай ота осы күнге дейін тек АҚШ-та, Италияда, Оңтүстік Кореяда жасалатын. Көп уақыт өтпей, 2016 жылғы 24 қараша күні астаналық оташы-профессор Еңбек Ері Юрий Владимирович Пя өз командасымен 67 жастағы өкпесінің ақауы бар ауыр науқасқа өкпе ағзасын сәтті алмастырып шықты. Ота 10 сағатқа созылды. Бұл отандық хирургияда үлкен жетістік болды. Сөйтіп, елімізде трансплантология көкжиегі кеңейе түсті. Еліміздің дәрігерлері медицинаны әлемдік жоғары деңгейге жеткізуге батыл бел байлап отыр. Оған біздің елде барлық мүмкіншілік жасалған. Дегенмен, бізде жоғарыда атап өткеніміздей, науқас ағзасын алмастыратын донорлық бүйрек, бауыр, жүрек және басқа органдар тапшы, яғни донор жоқтың қасы. Болған күннің өзінде донор болатын адамның денсаулығы жарамайды немесе қан тобы, иммундық жүйелері сәйкес келмейді. Сонымен қатар, кейде діни ағымға беріліп, ұлттық менталитетке ұрынып, трансплантацияға кедергі жасалып жататыны жасырын емес. Жынысы, тегі, нәсілі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті ішіп-жейтін тамағы мүлдем бөлек ағзаның бүйрегін жатсыну мүмкін бе немесе бөтен адамның органы қаншалықты сіңісіп кетеді деген сауал кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Нефрологтардың айтуынша, бүйрек (жүрек, бауыр және басқа да ағзалар) адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды, тіндер иммунды-биологиялық жағынан сәйкес келсе жарай береді.

Трансплантология – адамға өмір сыйлау
Қалай десек те, әрбір адам өз денсаулығының иесі. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған абзал. Иә, қазақстандық дәрігерлер ел сенімі мен үмітін ақтап, халық денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосуда. Оларды алда талай биік мақсаттар мен шырайлы істер күтіп тұр. Соңғы жылдары елімізде жүрек, бауыр алмастыру оталары сәтті жасалып, отандық медицинаның алға басуы, ілгері жылжуы байқалса, алдағы келер жылдары ұйқы безін, ішек, эндокриндік бездерді және де басқа күрделі ағзаларды алмастыру операциялары күтіп тұр. Өкінішке қарай, донор мәселесі (әсіресе, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты органдарды табу) елімізде толық шешімін тапқан жоқ. Жүрек, бауыр, бүйрек секілді органдарды ауыр сырқаты бар жандарға алмастыруға сол донорлардың тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әзірше көбіне қандас туыстары ғана (әкпесі сіңлісіне, анасы қызына, әкесі баласына, т.с.с.) бауырының бір бөлігін өзінің ең жақын туысына «сыйлап» жатыр. Инсульт, жол апатынан қайтыс болған кісілердің органдарын тек басқа ұлттардан «алуға» мүмкіншілік болып тұр да, біздің қандастарымыз бұл іске үрке қарап, донорлыққа келісімін бермеуде. Егер бұл мәселе шешілсе, қаншама адамның өмірін ұзартуға, оларға және оның жақындарына бақыт сыйлауға мүмкіншілік туар еді, шіркін! «Донор» деген сөз бізге бұрыннан таныс. Ол латынның «доно» – «сыйлаймын», «құрбан етемін» деген сөздерінен енген. Донор болу (мысалы, қан тапсыру) – әрбір адамның азаматтық парызы. Мыңдаған адам жыл сайын қан доноры болып, небір сырқатқа шалдыққан таныстарына, туысқан-бауырларына қолұшын беріп, қан тапсырып жатады. Олар өзінің сол абзал әрекетімен басқа бір өмірі қыл үстінде тұрған жанға өмір сыйлайды. Донор болу – қайырымдылығы мен рахымы мол адамдардың қолынан келетін құптарлық іс. Ол үшін адамның сана-сезіміне донорлық қызметтің қаншама пайдалы екенін сіңіре бергеніміз жөн. Әлде бір себептермен о дүниеге аттанып бара жатқан жан өзінің жүрегін, бауырын, немесе бүйрегін мына жалпақ дүниеде ауыр сырқаттан қиналып жүрген пендеге «сыйлап» кетсе несі артық? Оның жүрегі басқа біреудің кеудесінде соғып тұрса, бүйрегі басқа жанның өмірін ұзартып жатса, оның несі бар? Сөйтіп, өлімнен кейін де өмір бар екенін басқаларға, жалпы қоғамға көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Трансплантологияның адамның өмірін ұзартатынын, сырқатқа дертінен айығып, толыққанды өмір сүру қуанышын сыйлайтынын есте ұстағанымыз жөн. Әрине, трансплантологияның тиімді жақтарын, оның қажеттілігін әлі де елдің санасына жеткізіп, бұл мәселеге көзқарастарын өзгерткеніміз орынды.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.