2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ауыл аманаты» республикалық бағдарламасы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты тұрақты табыс көзі жоқ ауылдағы отбасыларға кәсібін дамытуға несие беру. Бағдарламаға қатысу арқылы кәсіпкерлер жылдық 2,5 пайызбен ақшалай несие алып, өздерінің шағын кәсіптерін аша алады. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінген.
«Ауыл аманатының» арқасында ауданымыздың тұрғындары өз кәсібін ашып, тіпті бұрын жұмыссыз жүрген жерлестеріне жұмыс орындарын ашып, нәпақасын табуға сеп болып жүрген мысалдар жетерлік. Мәселен, Отар ауылының тұрғыны Сауытбек Жылысбек өзіне өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнын ашуды ұйғарды. Бағдарламаға қосылған соң 7 миллион теңге несие алып, көлік жууға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.
Өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жуу орындары сұранысқа ие және иесінің үнемі назарын қажет етпейтін заманауи, табысты бизнес болып табылады.
«Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін қажет. Мен азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндіктерге ризамын. Осындай жобалардың арқасында ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артып келеді. Ең бастысы, ауылдан қалаға қоныс аударатындар саны азайды», — дейді Сауытбек Темірханұлы.
Сауытбек Темірханұлы 1986 жылы Отар ауылында дүниеге келген. Көптеген ауыл балалары сияқты ол да жақсы өмірді армандады. Алматыда жоғары оқу орнын тәмамдаған Сауытбек туған жеріне оралып, туған өлкесін өркендетуге барын салуды жөн санайды.
Мал шаруашылығымен айналысқан ол көп нәрсені қалайтынын тез түсінді. 2024 жылы «Ауыл аманаты» мемлекеттік ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын пайдалана отырып, Сауытбек 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды. Осы 7 миллион теңге оның көптен бергі арманы – туған ауылында заманауи автокөлік жөндеу орнын құрудың бастау нүктесі болды.
Сауытбек мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті құрал-жабдықтарды: кең үш гаражды, қуатты шаңсорғышты, сорғыларды, шлангтарды және өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жууға, техникалық қызмет көрсету стансасына, автобөлшектер дүкеніне қажетті құралдарды сатып алды.
Бірақ Сауытбек Жылысбек жай ғана табысты кәсіпкер емес. Ол кішігірім туған жеріне шын көңіл бөлетін үлкен жүректі адам. Ол басқа кәсіпкерлерге белсенді түрде қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға демеушілік көмек көрсету үшін ауылдастарының басын біріктірді.
Өткен жылы оның бастамасымен 2004 жылғы түлектер Сауытбектің сыныптастары қаржы жинап, туған ауылына бір жағында «Отар ауылы», екінші жағында «Қош келдіңіздер» деген жазуы бар әсем арка сыйлады. Арқаның идеясы мен дизайны толығымен кейіпкеріміздікі. Бұл сыйлық туған ауылына деген сүйіспеншіліктің белгісіне айналып, барша отарлықтардың шынайы алғысын иеленді.
Сауытбек Жылысбектің үлгісі – қайсарлық, еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік бір адамның ғана емес, тұтас бір ауылдың өмірін қалай өзгертетінінің көрінісі. Адамның өзіне деген сенімі, еңбексүйгіштігі, туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы табысқа жетіп, ауылының, елінің дамуына сүбелі үлес қосуға болатынын көрсетеді.
Мадина УЗБЕКОВА