Сәрсенбі, 15 маусым күні «Ауданда туристік қызметтің жағдайы және оны дамыту жөніндегі шаралар туралы» және «Ауданда отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру туралы» жоспарлы сұрақтарды қарау бойынша аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Бірінші сұрақ бойынша депутаттар аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ербол Сәрсенбаевтың баяндамасын тыңдады. Онда маркетинг, жарнама, туристерге қызмет көрсету саласында білім мен дағдылардың аз болуына байланысты ауданда туризм дамудың бастапқы кезеңінде екенін атап өтілді. Осы орайда депутаттар тарихы мол Қордай жерінде туризмді дамытуға мүмкіндік көп, дегенмен олар толық көлемде қолданылмай отырғанын айтып, туристік қызметті дамыту бойынша жұмыс жеткіліксіз деп танып, ауданның табиғи-ресурстық әлеуетін ескере отырып, оны жандандыру және экологиялық, белсенді, т.б. туризмді дамыту мүмкіндіктерін қарастыру бойынша ұсыныстар айтты.
Екінші сұрақ бойынша сөз алған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Таңат Қабылтай атқарылып жатқан жұмыс жөнінде баяндады. Аудан әкімдігі жанынан әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссия құрылып, оның 2022 жылға жұмыс жоспары бекітілген. Жоспарға сай, жарты жылда 1 рет отырыс өткізіліп, ауылдық округтерде әйелдер, аналар кеңестері құрылып, жұмыстарын жүргізуде, отбасы мәселелері бойынша «Бастау» жұмыс тобының ережесі бекітілген. Депутаттар бұл мәселені жан-жақты талқылап, отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға, қарттарға құрмет көрсету бойынша өнегелі бағыт беруді, қазақстандық отаншылдықты, азаматтық жауапкершілікті, имандылық-рухани дамуды қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыруды ұсынды. Депутаттар жас отбасыларға балаларды жоспарлау және тәрбиелеу, ажырасудың алдын алу бойынша психологиялық және кеңес беру жұмыстарын күшейтіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көңіл бөліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізу қажет деген пікір білдірді.
Қаралған сұрақтар бойынша тиісті қаулылар қабылданды.