ТЫҢ ЖОБАЛАР, ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС

0

Қордай ауданының әлеуметтік — экономикалық көрсеткіштері ағымдағы жылдың алты айында жақсы өсім динамикасын сақтап келген. Оған инвестиция тарту жайы оң әсер еткені анық. Осы және өзге де оңды жұмыстар жайында қысқаша тоқталып өтсек.

Мәселен, ауданға инвестиция тарту сомасы 23,4 млрд. теңге болған. Бұл алты ай қорытындысымен қараған кезде жақсы көрсеткіш, дейді мамандар. Нақты жұмыстарға тоқталатын болсақ, 2024 жылға инвестициялық жаңа жобалар әзірленгені белгілі. Олардың ішінде ауқымдысы «Central Asia Gold Production» ЖШС — құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша өндірістік кешенінің құрылысын, «Бай-Нұр» ЖШС — жылына 5,8 мың тонна қуаттылығымен және «Куленов» ШҚ — жылына 2,2 мың тонна қуаттылығымен сүт фермаларының құрылысы, «Қалдыбай тегі» ШҚ — жылына 2,5 мың тонна қуаттылығымен көкөніс қоймасының құрылысы, «Gold Invest Capital» ЖШС — мыс өндіру зауытының құрылысы, «Insider group» ЖШС — жел электр қуатын өндіретін жел паркінің құрылысы жоспарланып отыр. Осылар іске асатын болса аудан бюджеті толығып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылары сөзсіз. Осы орайда айта кетерлігі, ауданда индустриалдық картадан тыс іске асып жатқан жобаның бірі — «KORCEM» ЖШС цемент зауыты пилоттық жұмысын бастайтын болады. Келесі жылға инвестициялық келісімге сәйкес ауданда 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Осы орайда ауданда нақты атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқтала кетсек.

Ағымдағы жылдың маусым айында Қарасай, Еңбек ауылдарына 42,8 шақырым газ құбыры салынғаны туралы осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Ал, Керу ауылына газ жеткізу қыркүйек айында аяқталуы жоспарлануда екен. Сондай-ақ, Гвардейск қалашығын газбен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданса, Бәйтерек, Бел, Мұзбел, Аңырақай ауылдары бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға құжат тапсырылған.

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 6,3 млрд. теңгеге 7 ауыз су желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін 179,6 млн. теңгеге жобалаушы мекемелермен келісім-шарттар жасалды. Қазіргі таңда Гвардейск қалашығы бойынша сметалық-құжаттары рәсімделіп, энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылса, Жаңатұрмыс, Кенен, Керу, Үлкен Сұлутөр ауылдарына су жүргізу үшін жіберілген құжаттың оң қорытындылары алынған.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.