ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ҒҰМЫРЫ

0

Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең ауыр беттердің бірі. Миллиондаған бала ата-анасынан айырылып, баспанасыз, күнкөріссіз қалды. Аштық пен суыққа қарсы күресіп, жан сақтады. Бірақ, сол зұлмат жылдардың балалары ерте есейді, еңбекпен шыңдалып, елдің еңсесін тіктеуге күш салды. Олар – Жеңісті жақындатқан жеңімпаздар ұрпағы.

Сол бір қиын кезеңде елдің тылындағы еңбек майданында аянбай тер төккендердің қатарында бүгінгі күні тоқсаннан асқан ХАРА МАНЕҰЛЫ мен СЕМЕ МАНАРҚЫЗЫ ХУРОВТАР бар. 92 жастағы Хара ата мен 91 жастағы Семе әже – жетпіс жылдан астам жұп жазбай, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көрген асыл жандар.

Хара Манеұлы небәрі тоғыз жасында ересектермен бірге еңбекке араласты. Жазықсыз жастық шағын соғыс өрті шарпыған ол күн сайын жылыжайдағы нәзік көшеттерді – темекі мен көкөніс өскіндерін алқаптарға тасып, ауыр жұмысты арқалады. Әкесі Мане де арбакеш болып, алыс жолдарда еңбек етті. Есейе келе Хара ата колхозшы атанып, бес-ақ сыныптық біліммен есепшілікке дейін көтерілді. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында «Коминтерн» колхозында 48 жыл табан аудармай еңбек етті.

Семе Манарқызының да тағдыры жеңіл болған жоқ. Бала күнінен бай-қуатты ауылдастардың шаруасында жалданып еңбек етті. 1937 жылы әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, отбасы ауыр соққы алды. Бірақ, тағдыр сынағына мойымай, кейіннен он екі бала – тоғыз ұл мен үш қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген батыр анаға айналды.

Бүгінде олардан тараған ұрпақ – бір әулеттің ғана емес, елдің байлығы: 9 баласы, 32 немересі, 72 шөбересі және 8 шөпшегі бар. Ардақты ата-әже осы үлкен әулеттің жүрегінде қадірлі, үлгі-өнеге тұтатын тұлғалар.

Тұңғыш ұлдары Сүлейман Харайұлы да ата жолын жалғап, егіншілікпен айналысып, жеке шаруашылығын құрған. Байланыс инженері мамандығын алып, екі қыз бен екі ұлды тәрбиелеп, бәріне білім берген. Қазір он немеренің атасы. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, Масаншы ауылы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін 16 жылдан бері атқарып келеді.

– Ата-анамыз біз үшін әрқашан үлгі болды. Олар бізді еңбекке, адалдыққа, адамгершілікке баулыды. Бар ауыртпалықты жеңіп, өздері ғана емес, бізді де өмірдің мәнін түсінуге үйретті. Әр жетістігімізге қуанып отыратын мейірімді жүректі жандар, – дейді Сүлейман Харайұлы.

Хара ата мен Семе әже – ауыл ақсақалдары, ел ағалары мен аналары. Олардың әрбір сөзі – өсиет, әрбір ісі – өнеге. Олар ұрпағына ұлтқа қызмет етудің, татулықтың, еңбекқорлықтың және ізгіліктің не екенін ісімен көрсетіп келе жатқан дара тұлғалар.

Хуровтар әулеті – бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, өнегелі шаңырақ. Олардың ғибратты ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңгі күнге бағдар.

Жеңіс күнімен құттықтай отырып, оларға денсаулық, ұрпақ қызығына бөленіп, ортамызда аман-сау, ұзақ ғұмыр кешуін тілейміз!

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.