«ТЫЛ ЖӘНЕ ЕҢБЕК АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ»

0

Тыл ардагерлерінің маңдай терімен, қажырлы еңбегімен келген Жеңіс – бүгінде бізге бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің бақытын сыйлады. Сол жандардың бірі – ару ана, тыл және еңбек ардагері ТҰРЫСБЕКОВА ӘЛПИЯ СҰЛТАНҚҰЛҚЫЗЫ.

Әлпия апай 1937 жылдың 11 қаңтарында Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Аңырақай станциясында дүниеге келген. Бастауыш білімін туған ауылында алып, кейін Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы №5 мектепте білімін жалғастырған. Мектеп қабырғасында алған білімі оның өміріне бағыт-бағдар беріп, еңбек жолына сенімді қадам жасауына негіз болды.

Бес ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болған ол жастайынан дербестікке, жауапкершілікке, қамқорлық пен еңбекке тәрбиеленді. Ол ата-анасына шаруашылықта қолғабыс көрсетіп, еңбекті қадірлеуді, отбасының бірлігін, мейірімділіктің мәнін бала кезінен бойына сіңірді.

Еңбек жолында колхозда жем-шөп қоймасының меңгерушісі қызметін атқарып, ауылдың мал шаруашылығын қажетті азықпен қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік танытты. Бұл – сырт көзге елеусіз көрінетін, алайда ауыл тіршілігі үшін аса маңызды еңбек болатын. Әлпия Сұлтанқұлқызы – тек шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының озат қызметкері ретінде де танылды. Ісіне адалдығымен, еңбекқорлығымен әріптестері мен ауылдастарының құрметіне бөленді.

Ардагер ана сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Оның алтауы – өз перзенттері: екі ұл, төрт қыз. Сонымен қатар, күйеуімен бірге туыстарының арасында ата-анасыз қалған екі баланы да бауырына басып, өз балаларындай мейіріммен өсіріп жеткізді. Көп балалы ана бола жүріп, әр баласының білім алуын басты мақсат тұтты. Бұл бағыттағы еңбегі ақталып, барлық балалары жоғары білім алды. Олардың үшеуі Мәскеуде оқыған. Бұл – сол уақыттағы ауыл тұрмысында сирек кездесетін зор жетістік еді.

Әлпия Сұлтанқұлқызының өмір жолы – табандылықтың, аналық махаббаттың, отбасына деген адалдықтың жарқын үлгісі.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қордай аудандық орталық кітапхана ұжымы тыл және еңбек ардагеріне ел үшін сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін, арнайы құттықтау хатын және сый-сияпатын табыстап, құрмет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.