Тындырымды тірлік көп

0

Кенен ауылында жаңа «Street WorkOut» спорт алаңшасы ашылды. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің демеушілігімен ашылған нысанның құрылыс жұмыстарын түлектер өздері жүргізген. Спорт алаңшасына қажетті жабдықтарды орнатып, бетон қабатын төсеп, орындықтар қойған. Бір аптаның ішінде құрылысты аяқтап, 25 мамыр күні салтанатты түрде туған ауылдарына тарту жасады. Орталықта орналасқан «Street WorkOut» алаңшасы ауылдың көркін одан әрі аша түсті. Қазір жастардың дәл осы спорт түріне деген қызығушылығының жоғары екенін ескерсек, жомарт түлектердің тартуы ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына жол ашарына күмән жоқ.

***

Қақпатас ауылдық округінің түлектері де туған өлкелеріне тарту жасаудан қалыс қалмады. Ауыл мектебін 2004 жылы бітірген түлектер «Жомарт түлек» жобасы аясында Қақпатас ауылдық мешітінің ауласына орындықтар орнатып, мешітке барар жолға тас плита төсеп берді. Сонымен қатар ауласына бірнеше жеміс ағаштарын отырғызып, демеушілік көмек көрсетті. Бұдан бөлек, «Мектепке тағзым» акциясы аясында ауыл кәсіпкері Құндызай Мейрманова демеушілік жасап, Мұстафа Шоқай атындағы орта мектебінің ауласына төрт әткеншек және екі орындық орнатып берді.

***

Ауқатты ауылдық округінің құрамына кіретін Қызылсай ауылында Ораз Жандосов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеуге жауапты мердігер компания – «Invest Kapital Stroy» ЖШС. 10 мамыр күні басталған жөндеу жұмыстарын мердігер 5 айдың көлемінде аяқтауды жоспарлап отыр. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордасының шатыры түгелімен жаңартылып, оқу кабинеттері қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, мектептің жылу жүйесі де жаңартылмақ.

***

Жамбыл ауылында «Street WorkOut» спорт алаңшасы ашылды. Аудандық бюджет есебінен салынған нысанның құрылыс жұмыстарын «Алмас» ЖК жүргізді. Құрылыс жұмыстары 18 сәуір күні басталып, 30 сәуірде толығымен аяқталды. Спорт алаңшасында денені шынықтыруға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Ауыл тұрғындары жаңа алаңша  ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік сыйлайтынына сенімді.

***

Бетқайнар ауылында ауылішілік көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш көше жөндеуден өтуде. Атап айтатын болсақ, Қазақстан және Төле би көшелеріне қиыршық тас төселіп, енді асфальттау жұмыстары басталды. Ал 1,6 шақырымды құрайтын Қарасу көшесіне қиыршық тас төселіп, толығымен асфальтталды. Жол жөндеу жұмыстарына  «Компания Инвест МК» ЖШС-гі жауапты. Құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс деп белгіленген.  Бұдан бөлек, Бетқайнар ауылында балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Демек, ауыл бүлдіршіндерінің жаңа ойын алаңында әткеншекке тербеліп, сырғанақтан төмен құлдилап, асыр сала ойнайтын күндері де алыс емес.

***

Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстарын мердігер «Era Gaz Service»  ЖШС-гі атқаруда.

***

Масаншы ауылында ауылішілік ескірген жолдарды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Көктем және Пушкин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер – «СК и Б» ЖШС-гі. Мердігер жобаны мерзімінде аяқтауға және жол сапасына баса мән беруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.