Қордай өңірі өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Бұл жерде туристер жиі баратын тарихи-мәдени орындар аз емес. Олардың қатарында Кенен Әзірбаев атындағы мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей, Қордай асуы, Отар даласындағы Аңырақай шайқасы өткен жер, Қарасу ауылдық округіндегі Өтеген батыр кесенесі, Масаншы ауылдық округінің Күнбатыс-2 ауылына жақын орналасқан таулы аймақтағы Танбалы жартас суреттері, Қаракемер ауылдық округіндегі Кенесары ханға арналған мемориал және Қарасай ауылындағы Қарасай батырдың ескерткіші бар. Бұлардың барлығы – тарихтан сыр шертетін құнды қазыналар.
Ескерткіш – ұлттың рухани байлығы, ұрпаққа үлгі болатын, рухани азық сыйлайтын қасиетті мұра. Халықтың тарихы мен мәдениеті осындай ескерткіштер арқылы сақталады. Өйткені тарихи нысандар – елдің өткені мен болашағын байланыстыратын алтын көпір іспетті.
Алайда соңғы уақытта қоғамда вандализм әрекеттері – ескерткіштерді бүлдіру, үстіне жазу жазу, сурет салу, сызу, зақымдау сияқты заңға қайшы келетін келеңсіз оқиғалар орын алуда. Бұл – тек заң бұзушылық емес, ұлттық құндылықтарға қол сұғу деп бағалану керек.
Мысалы, Қарасай ауылдық округіндегі «Белбастауда» орналасқан көне тас белгі (балбал тас) құлап жатқан. Ауыл тұрғындары бұл жағдайға бейжай қарамай, тасты қайта орнына қойып, тиісті мамандарға хабар берген. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Жақында Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында №32 В.В. Маяковский атындағы орта мектептің оқушысы Казымов Полат ауыл ішіндегі тау етегінен асты бүлінген балбал тасты тауып, музей қызметкерлеріне хабарлаған. Сондай-ақ, Ауқатты ауылдық округінде ауыл тұрғындары жол бойынан құлап жатқан көне тасты анықтап, құзырлы мекемелерге хабарлаған. Қазіргі таңда жаңадан табылған бұл көне жәдігерлер Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қарауында сақтаулы.
Қоғамдық орындарда немесе ашық далада ескерткіштерге зиян келтіру, бұзып-бүлдіру – тек заң бұзу ғана емес, халықтың мәдениеті мен тарихи санасына жасалған қиянат. Мұндай әрекеттер ұлттың эстетикалық деңгейін төмендетіп, болашақ ұрпаққа теріс үлгі көрсетеді.
Қазақстан Республикасының заңнамаларында тарихи-мәдени мұраларды қорғауға ерекше мән берілген. Бірқатар құқықтық нормалар бұл бағыттағы жұмысты реттейді:
Қазақстан Республикасының Конституциясы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен сақтауды әрбір азаматтың міндеті ретінде бекітеді.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңда ескерткіштердің құқықтық мәртебесі, оларды сақтау, қалпына келтіру және қорғау жолдары нақты көрсетілген.
Қылмыстық кодекстің 294-бабы (Вандализм) тарихи-мәдени мұра объектілеріне зиян келтіргендерге айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 448-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық әрекеттер үшін олардың ата-аналарына айыппұл салынады.
Аталған заңдармен қатар, қоғамда тарихи-мәдени мұраларға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Осы мақсатта аудандық тарихи-өлкетану музейінде арнайы сабақтар мен танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл бастамалар жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттырып, тарихи санасының қалыптасуына оң әсер етеді.
Тарихи-мәдени нысандарды сақтау – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ парызы. Ескерткіштер – ел байлығы. Қай халықтың болмасын рухани әлеміне саяхат оның көне жәдігерлері мен тарихи орындарынан басталады. Олар – өткеннің ізі, болашақ ұрпаққа аманат етілген асыл мұра. Сондықтан әрбір азамат мұндай құндылықтарға құрметпен қарауға тиіс.
Ауданымыздың таулы аймақтарында тарихи мәні бар ерекше археологиялық ескерткіштер мен жартас суреттері (петроглифтері) орналасқан. Егер олардың бүлінгенін немесе зақымданғанын байқасаңыз, Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлеріне немесе жергілікті атқарушы органдарға дереу хабар беруіңізді сұраймыз. Өйткені осындай тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық тарихымызды келешек ұрпаққа бүлінбеген қалпында жеткізу – барша азаматтың ортақ міндеті.
А. Тохобаева,
Аудандық мәдениет үйі және
тарихи-өлкетану музейінің
ескерткіштерді қорғау инспекторы