ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ 70 ЖАСТА

0

Ауданымыздың жылдан-жылға көркейіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына кезінде уақытпен санаспай еңбек еткен аудан азаматтарының үлесі өлшеусіз.
Сондай еңбек адамдарының бірі –
ЖАНЫСБЕК МҮЛКЕМАНОВ.

1953 жылдың 16 мамырында Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген азамат. Алматы Зооветеринарлық Институтын «Ветеринария» мамандығы бойынша бітірген, Ж.Мулкеманов еңбек жолын қатардағы ветеринардан бастап, бас мал дәрігері болып, Қордай ауданы Чапаев (қазіргі Қаракемер ауылы) атындағы колхозда қызмет етті. Өңірде төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш жұмсап, малды күтіп-баптауға асқан ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қараған жан. Ұзақ жылдар бойы партия, кеңестік органда жауапты қызметті абыроймен атқарып, 1998-2016 жылдары Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және тасымалданатын объектілер бөлімінің «Қордай» бекетінің бас маманы, ветеринарлық-санитарлық инспекторы болып қызмет етті. Мехнатты да мерейлі еңбек жолынан Жанысбек Мүлкемановтың абыроймен өткенін, ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесін айта кеткен жөн. Бүгінде зейнет жасына шыққанына қарамастан, ауылдағы қоғамдық іс-шараларға барынша атсалысып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, әрдайым қайырымдылық бастамалардың басы-қасынан табылатын көпшілікке сыйлы азамат. Бұғанасы еңбекпен қатайып, маңдай тер жұмысымен мерейлі болған қарияның ерен істері елеусіз қалған емес. Ол «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Қордай ауданының құрметті азаматы» атағын алған.
Биыл отау құрғандарына елу жыл болған Құдай қосқан қосағы Қалтай Мүлкемановамен үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ата. Бүгінде өсіп-өнген ұл-қыздарының бәрі әр салада абыройлы қызмет етуде. Өмір бойы малдың ортасында жүрген сала маманының төрт түліктің төресі – жылқы малына деген ықыласы ерекше. Кезінде ат үстінде желдей есіп, сәйгүлік десе ішкен асын жерге қоятын Жанысбек ата бүгінде немерелерінің тектілігімізді танытар қасиетті малға жақын болып өскенін қалайды.
«Жыл дегенің жылғадан аққан су» демекші, жылдар зымырап өтіп, Мүлкемановтар әулетінің асқар тауы, ақылшы-тірегі мерейлі 70 жасқа толып отыр. Өзінің өнегелі өмір соқпағында құрмет пен достықтың ұлағатын ұлықтап, құда-жекжат, дос-жарандарымен сыйластығы жарасқан мерейтой иесіне зор денсаулық, қажымас қайрат, әулетіне құт-береке тілейміз!

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.