ЫНТЫМАҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛҒАН ЖАНДАР

0

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мерейлі мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген нақыл сөз бар. Біздің жеткен жетістіктеріміздің түп қазығы – татулық пен бірлігімізде.

Таяуда елордамыз Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткізілген Қазақстан халқы ассамблеясының 34-сессиясы ұйымның отыз жылдық жұмысын қорытындылап, жаңа мақсаттарды белгілеп берген еді. Иә халқымыз қашанда бірлік пен татулықты, адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары бағалаған. Осы ұстаным аясында күні бүгінге дейін түрлі этнос өкілдерімен етене жақын, жатырқамай күн кешіп келеміз. Бейсенбі күні «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орай, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов мерекелік қабылдау өткізді. Қабылдауда аудандағы этно – мәдени орталық жетекшілері мен мүшелері бас қосты.

«Бүгінде ауданымызда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, әзербайжан сынды түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбіршілігінің нақты нәтижесі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!», — деді Бақыт Оңласынұлы басқосуда.

Мерекеге орай ұйымдастырлған шара жалғасып ҚХА төрағасы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» РҚБ аудандық филиалының төрайымы Камиля Дургалова, аудандық «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығының мүшесі Баян Қарамолдаева, аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Владимир Подшибякин, аудандық «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығының мүшесі Сәрсебек Салыбаев, «Вайнах» қазақстандық шешендер мен ингуштар қауымдастығы» ЗТБ мүшесі Эльсихан Хазбулатов, аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Харченко марапатталды. Сонымен қатар, «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі «Қордай ауданының ұлттық-мәдени орталықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі жетекшісі Айнұр Әбіқаеваға, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Хаджибалла Абдоллаевқа, Масаншы ауылдық округінің тұрғыны Харки Мусаевқа табысталды.

Мемлекет басшысының атынан марапат иелену – бәріне бірдей бұйыра бермейтіні рас.

«Отечество» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Харченконың айтуынша, Президенттің алғысы секілді мәртебелі марапаттардың барлығы елімізде этносаралық қатынастарды нығайтуға, қоғамдағы бірлікті сақтауға септігін тигізеді.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.