Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана жеткізіп, екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен данышпан халқымыздың дәл осы ауызбіршілік, ынтымақ, бірлік турасында айтқан даналық сөздері заманалар ауысып, заңдар өзгеріп жатса да, ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Кез келген қоғамның, кез келген мемлекеттің бақытты ғұмыр кешуі үшін алдымен ауызбіршілік керектігі айдан анық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген бабаларымыз да елдің бақыты, ең алдымен, бірлікке байлаулы екенін терең түсінген. Содан да болар соңындағы ұрпаққа «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлігі жоқ ел тозар» деген сынды өшпес нақылдар қалдырған.
Асыл дініміздің де көп тоқталатын тақырыптарының бірі – осы ауызбіршілік ұғымы. Бірлік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке және Алланың рақымы болатыны сөзсіз. Жаратушы Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, бөлінбеңдер. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстастыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін, осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді. Осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады», – деп ерекше ескертеді.
Қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында ғана өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді. Хәкім Абайдың да «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн қатуы да халқын ауызбіршілікке шақыруы болатын. Адамзат тарихына үңілер болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп, алпауыт мемлекетке айналғанын көреміз. Ал бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте өзіне-өзі ор қазғанын білмей қалады. Сол себепті Алла Тағала «Әнфал» сүресінің 46-аятында: «(Барлық істе) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар. Өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды», – деп бұйырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған (қиянат жасамайды) зұлымдық қылмайды, оны мақрұм қалдырмайды, оны төмен көрмейді. Бір кісіге жамандық ретінде оны төмен көрудің өзі жеткілікті. Қандай да бір мұсылманның малы, қаны, ар-намысы басқа бір мұсылманға харам етілді», – деп қатаң ескертеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыда айтқан хадистерімен қоғамның тыныштығын, бірлігін, дұрыс өмір сүру жолын көрсеткен. Бұл заңдылықтар – қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген ең маңызды міндет. Құран мен хадис бізге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін өзімізге қатысты кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен болмақ. Осы күні бізге жетпей жатқаны да – мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмашылдық. Көбіміздің бойымыздан мұсылман бауырымызға деген өшпенділік пен арам ниет, жаман ойлар байқалады. Кейбір жанды көрсең, құлшылыққа көп көңіл бөледі, жақсы сөз сөйлейді, сөз сөйлегенде алдына жан салмайды, ақын немесе шешен, бірақ мұсылман бауырының етін жеуге (ғайбаттауға) дайын тұрады. Егер тақуалық болмаса, адамға құрғақ білімнің, мағлұматтың пәлендей көмегі тимейді. Маңыздысы аз білсең де амалға асыру, тақуалық таныту, бауырыңды жақсы көру, жақсы көре алмасаң да ең азы қолыңмен және тіліңмен зияныңды тигізбеу, бұның өзі де бір ғанибет. Хәкім Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп ащы шындықты дөп басып айтқан.
Исламда харам істеген кісіге күнә жазылатынын жақсы білеміз. Сол секілді харам істен аулақ болған кісіге де соншалықты сауап жазылатынын ғұламалар айтып кеткен болатын. Демек мұсылман бауырының артынан сөз айтып, ғайбаттап не болмаса жала жауып жүрген адам қаншалықты күнә алған болса, біреуге пайдасы тимесе де өзгені ғайбаттап зияны тимеген адамға да соншалықты сауап жазылса керек-ті.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадис шарифінде бұл жөнінде былай дейді: «Мүмін әрқашан (кісі бойынан) үзір (мәселенің шығар жолын іздеп, мұсылман бауырына кешіріммен қарайды), ал мұнафық әрқашан айып іздейді».
Әрине қай жағдайда айып-қателік айтылуы керек, оның да ара-жігін ажыратып алуымыз қажет. Мәселен, жұмыс барысымен істелген кемшіліктер мен қателіктер немесе дін мәселесіндегі маңызды кемшіліктер мен қателіктер орнымен айтылуы керек. Бұл – тәртіп. Қарсы жағдайда тәртіпсіздік белең алады да, дін бұзылып, қоғам арасында бүлік белең алады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмін – мүміннің айнасы, яғни өзінің (бойындағы) кемшілік және қателіктерін (мұсылман бауырынан) сұрау арқылы байыбына барады», – десе, Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын): «Айыптарымды сыйлық бергендей етіп, алдыма қойғанға Алланың рақымы жаусын!» – дейді.
Жалпы, жамандықтан тыйып, жақсылық пен ізгілікке шақыру – Алланың әмірі. Құранда «Сендерден жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын» деп, жақсылықты таратудың маңыздылығын баса назарға алған. Иә, жақсылықтың жаршысы болу әр мұсылман адамға тән сипат болуы тиіс. Өзгеге жақсылық жасай алмаған адам өзін де жақсы көрмейді. Оның жасаған құлшылығы да қабыл болмайды. Сондықтан асыл дініміздің осы бір өнегесін кеңінен насихаттаудың астарында шынайы мұсылмандықтың жақсы мінезі көрініс табады.
Дінімізде ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналады. Аллаға сансыз шүкір, біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Бас құжатымыз – Конституциямыздың «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталуының мәні де осында.
Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық міндетіміз. Елімізде қауіпті індеттер, ауыртпалықтар орын алып жатқан мына жағдайда үй ішінен үй тігіп, түрлі топқа бөлініп, бүлік шығару емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануымыз қажет. Алланың бізге нәсіп еткен тыныштығын сақтап, қолдағы алтынның қадірін білейік. Алла бірлігімізді мәңгі етсін!
Ерболат ЖҮСІП