ЕЛІМІЗГЕ 700 МЫҢ ШЕТЕЛДІК ТУРИСТ КЕЛЕДІ

0

Жыл соңына дейін Қазақстанға 700 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ішкі туризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңесте айтты.
«28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынас, сондай-ақ 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілді. Ұлттық парктерге келушілер саны да өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 миллион адамды құрайды. 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктерге келушілердің санын 1,6 миллионға дейін арттыру жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Ішкі туризмге келетін болсақ, өткен жылы 6,9 миллион ішкі турист болған, бұл — 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекорд көрсеткіш.
eQonaq жүйесінің арқасында туристерді 6 мыңнан астам қолданушы, соның ішінде қонақүйлер, туроператорлар және тіпті жеке тұлғалар тіркейді. Сол арқылы шенеуніктер нақты уақыт режимінде туристердің қайдан келетінін, олардың жасын, жынысын, болу ұзақтығын, сапар бағыты бойынша қалауларын көреді.
Жыл соңына дейін Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестицияларды 708 миллиард теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

ЭКОТУРИЗМГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛАР САНЫ АРТУДА
Коронавирустың әлем бойынша жаппай таралуы туризм саласына ауыр соққы болды. Сарапшылар 2020 жыл туризм тарихындағы ең дағдарысты жыл болды деп бағалады. БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) 2020 жылдың қаңтар-қазан айында халықаралық туризм 1990 жылғы деңгейге құлдырап, 70 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді.
Дүниежүзілік туристік ұйым 2021 жылдың екінші жартысында туризм саласы ішінара қалыпқа келе бастайтынын болжаған болатын. Ал тұралаған саланың толықтай қайта қалпына келуі үшін әлі 2,5-4 жыл уақыт керек екен. Алайда уақыт өте келе туризм саласы коронавирус енгізген өзгерістерге қарай икемделіп, нарықтың жаңа талаптарына сай бейімделе бастады. Байқағанымыздай, биыл әлем елдерінде ішкі туризм басымдыққа ие болып отыр. Яғни COVID-19 пандемиясы әлемдік масштабта жылдар бойы қалыптасқан туристік бизнес механизмін бұзғанымен, ішкі туризмнің жаңа бағытының қалыптасуына ықпал ете алды.
Пандемияға байланысты мемлекеттер өз шекараларын жаба бастаған соң all inclusive демалыс түріне, қонақүйлерге деген сұраныс азайды. Есесіне демалысты тау бөктерінде, таза ауада отбасымен өткізуді қолай көретіндер артты. Яғни бұрын туристік компания ұсынған жерлерге баратын туристер енді қайда барып демалу қажеттігін өздері шешетін болды. Бүгінде халық демалыс күндері жақын жерге барып табиғат аясында демалудың, жұмысты демалыспен ұштастырудың денсаулыққа пайдалы екенін түсіне бастады. Демалыстың мұндай түріне қызығушылықтың артуын табиғат аясында вирус жұқтыру қаупінің азаюымен де түсіндіруге болады. Жалпы пандемия адамзат баласының табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, оған қамқорлықпен, жанашырлықпен қарауды үйретті. Тоқетерін айтқанда, карантин жағдайы экотуризмнің дамуына түрткі болды. Бүгінде әлем бойынша тұмса табиғат пен өркениет игілігін біріктіретін глэмпинг деп аталатын демалыс түрі үлкен қызығушылық тудырып отыр. Биыл Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жүкей көлі жағасында «Жұлдызды орман» атты глэмпинг демалыс аймағы ашылды. Жоба авторы Айнұр Қуанышқызының айтуынша, індеттің таралуы туризм саласын да айналып өтпеді. Тоқырауға ұшыраған туризмнің екінші тынысы енді ашыла бастағандай.
«Бүгінде қалыптасқан жағдай ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біздің ойымызша, глэмпингтер желісін құру маңызды бағыттардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес, көп адам таза ауада демалуға тырысады», – деді Айнұр Қуанышқызы.
Біржан сал ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанова өңірде глэмпингті іске қосу экологиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам екенін айтады.
«Глэмпинг – тұрмысқа қажетті заманауи заттармен жабдықталған жайлы орындар құрып, табиғатта демалғанды жөн көретін жандарға арналған демалыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғырлаған құстардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», – дейді М. Шаужанова.
Дүниежүзілік туристік ұйым ауылдық және экологиялық туризмді дамытуды атап өткені бекер емес. Өйткені бүгінде экотуризм жаһандық туризмнің 30 пайызына тең. Осы орайда қала өмірінен қажыған жұрттың таза ауада тыныстап, кәуап дайындап, балық аулап, атқа мініп, велосипед теуіп, киіз үйде ұйықтап, табиғи өнімдерді тұтынып, көңіліне қонымды іспен айналысуына жағдай жасайтын глэмпинг желісінің болашағы зор болары анық.
Отандық сарапшылар экотуризмнен бөлек этнотуризм саласының да сұранысқа ие болып отырғанын айтады. Жақын болашақта елімізде эко және этнотуризм бағыттары даму жолына түседі деп болжайды. «Сұлтан­сері» этно өнер орталығының негізін қалаушы Сұлтансері Есентаев карантин кезінде ішкі туризмді дамытуды қолға алған кәсіпкерлердің бірі. Ұлттық ойындар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды насихаттау арқылы құндылықтарымызды танытуды көздейді.
«Ұлттық ойындарға, дәстүрімізге деген қызығушылық мені этноорталық құруға жетеледі. Келушілер саны былтырғыдан да көп. Әрине, бұл қуантады. Әсіресе ауылды, туған жерді сағынғандар орталыққа келіп сағынышын басып жатыр. Жастар атқа міну, садақ ату, қыз қуу, бүркіт түсіру, сұңқар ұшыру, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарымыз мен дәстүрімізді көзбен көріп, куә болып жатыр», – дейді кәсіпкер.
Экотуризмнің әлеуеті әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде жоғары. Өңірдегі тарихи орындар, көрікті жерлер мен қайталанбас табиғи кешендер отандық және халықаралық экотуризмнің драйверіне айнала алады. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Қамытбек Жорабаев та осындай пікірде: «Айта кетерлігі, экотуризм бағытын дамытып отырған Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі және Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркі сияқты мемлекеттік мекемелердің үлесі мол. Одан бөлек, облыс аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызылған 1 зоологиялық және 1 дендрологиялық парк, 16 мемлекеттік табиғи ескерткіш бар. Сондай-ақ, өңірде ботаникалық әралуандылықты сақтау мақсатындағы 7 табиғи қаумал ұйымдастырылған. Олар: Ақдала, Темір, Боралдай, Задария, Жамбыл қаумалдары», — деді Қамытбек Қасымбекұлы. Оның айтуынша, қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бұл сала тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.