Заң үстемдігі жолында

0

Еліміздегі сот жүйесінің қалыптасуына және дамуына салмақты үлес қосып жүрген, сот саласын ілгерілету, дамытуға, сот төрелігінің мінсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұзақ жылдар тынымсыз еңбек етіп, бүгінгі таңда нағыз сот әділдігінің кепіліне айналған азамат, Қордай аудандық сотының судьясы Тұрлыбаев Бейбіт Тоқбергенұлы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Бейбіт Тоқбергенұлының бойына біткен қасиет – байыптылық пен салмақтылық, білімге деген құштарлық. Әсіресе, заң қызметкері атансам деген арман жолында ол талай белестерді бағындырған. 1965 жылы Меркі ауданында дүниеге келген Бейбіт Тұрлыбаев 1984 жылы Бішкек қаласындағы Автожол техникумын аяқтаған. Қолына жаңа дипломын алған жас маман Германияда екі жылдық әскери борышын да өтеп келеді. Әскерден келген жас жігіт Меркі аудандық Ішкі істер бөлімінің жол-патрульдік қызметіне инспектор болып еңбек жолын бастайды. Ал, 1989 жылы Қарағанды қаласындағы жоғарғы милиция мектебіне оқуға түсіп, оны «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Жоғары білімді, тәжірибелі маман 1996 жылы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы Орталық АІІБ тергеуші болып жұмысқа қабылданады. Осы жерден Бейбіт Тоқбергенұлының тергеуші қызметінің нағыз білгір маманы болуының дара жолы бастау алады. Небір күрмеуі қиын істердің тергеу жұмыстарына белсене араласып, тек жақсы жағынан өзін көрсете білген ол кейін Жамбыл облысы бойынша тергеу басқармасының аға тергеушісі, 1997-2001 жылдары Жамбыл облысы ІІД Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі қызметін атқарады. Тынымды ісі, тиянақты жұмысы, тергеу саласындағы іскерлігі әріптестер арасында зор беделге әкеледі. 2000 жылы ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «ҚР ІІМ Үздік тергеушісі» атанады. Бұл орган қызметіне бар жан-тәнімен берілген маманға лайықты баға еді.

Осы жылдары небір қылмыстардың ашылуына, заң бұзушылардың лайықты жазасын алуға, жалпы елімізде заң үстемдігінің орнауына зор үлес қосқан. Қылмыстың алдын алу, әділдіктің ақ жолынан таймау, тергеуге келген әр адамның шынайы бет-бейнесін тану, психологиялық тұрғыда да тани білу тергеушінің жұмысы. Ол бағытта Бейбіт Тұрлыбаев мінсіз еңбек ете білген.  Әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп,  әрбір істің артында адам тағдыры тұратынын, жасалған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын сақтай отыра тергеп, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттеу білудің өзі өнер, үлкен жауапкершілік. Осының барлығын тамаша ұйымдастыра білген ол  2001-2004 жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша Ішкі істер басқармасының 9-шы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінде жедел уәкіл, 2004-2008 жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі инспекторы қызметін атқарған.

Ал, 2008 жылдың сәуір айында Б.Тұрлыбаев қызметінде жаңа белес болды. Ол Қордай аудандық сотына судья болып тағайындалады. Заң саласын жақсы меңгерген тергеуші үшін бұл қиын болмауы мүмкін. Бірақ, енді әділдіктің қылын қақ жаратын, соңғы шешімді шығаратын судья болу ол мүлдем басқа жауапкершілік. Сол жауапкершілікті жақсы сезінген, түсінген Бейбіт Тоқбергенұлы мұнда да өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Осы жылдар аралығында сот жүйесінің абыройын көтеру, сот процестерінің ашықтығына қол жеткізу, соттың бейтараптық мен адалдығына күмән келтірмейтін, судьяның мәртебелі атағына және сот билігіне дақ түсірмеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Содан да болар өткен жылдың мамыр айында Бейбіт Тұрлыбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің Сот жюриінің мүшесі атанады.

Қазіргі таңда аудандық сотта еңбек етіп жүрген судья әрқашанда ең алдымен азаматтық пен кісілік келбетінен айнымаған жан. Қарапайымдылық, өз қызметіне деген зор жауапкершілігі әрдайым оны биік белестерге жетелейді. Ол отбасы отағасы, екі баланың ардақты әкесі. Үлкен ұлы қазір еліміздегі ірі банктердің бірінде еңбек етіп жүрсе, кішісі заңгер мамандығына білім алуда. Әке жолын жалғауы да бек мүмкін.

ҚР Жоғарғы сотының «Мінсіз қызметі үшін» және  «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Жамбыл облысы әкімінің, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған  судья Бейбіт Тұрлыбаев үшін ең басты марапат еліміздегі заңның үстемдігі, елдің амандығы. Сол үшінде алдағы уақытта зайырлы мемлекет қоғамын құру жолында жемісті жұмысын жалғастыра бермек.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.