Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды

0

Бүгінде отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес.

2024 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған болатын. Ол ағымдағы жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енді. Әдетте, халқымызда отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдірген.  Бұл Заң қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін айта кеткен жөн. Осылайша жаңа «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңмен»  бірге қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бөлігі «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін» ҚК-тің 108-1 бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта сараланып, (ҚР ҚК-нің 108-1- бабы) 200АЕК айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бөлігі «Ұрып — соғу» ҚК-нің 109-1 бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта сараланып, заң жобасына сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін (ҚР ҚК 109-1 бабы) заң жобасында 80АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. АПБ ЖПҚ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тобының инспекторы Ынтымақ Кәденнің берген мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 15 маусымынан бастап, Қордай ауданы отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша 5 – дерек қылмыстық іс қозғалып, ҚР ҚК- 109-1 бабымен — 3, ҚР ҚК-108-1 бабымен – 2, яғни осы екі қылмыстық іс татуласуына байланысты өндірістен қысқартылған. Сонымен қатар, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы қылмыстардың саласында ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтау мақсатында қызметтік тексерістер жүргізілген. Соның аясында, 2024 жылдың 8 айында әйелдерге қатысты жасалған – 208 құқық бұзушылық фактілері орын алған. Нақтылап өтсек, отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері бойынша–124 дерек, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 66 дерек, ұрып-соғу бойынша – 18 дерек анықталған. Қорыта айтқанда, зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді.

Аймахан Көрпелдесов, зейнеткер, Бетқайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.