Аудан тұрғындары «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Мәселен, жұмысқа орналасу, жәрдемақы рәсімдеу, баспана алу, ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету және тағы басқасы. Өз кезегінде партия қоғамдық қабылдауларында тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешу жұмысын белсенді жүргізіп келеді.
Осының бір дәлелі ретінде сейсенбі күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Елдос Бекқұлов, білікті адвокат Мұрат Оспанов, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы Жаңабай Орақбаймен бірлесіп «AMANAT» партиясының мәжіліс залында құқықтық көмекке мұқтаж болған азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында өтініш білдірген мәселелер бойынша білікті заңгердің көмегі көрсетілді. Сонымен қатар, Бейқұт Тлебалдыұлы көмекке жүгінген адамдарды жан-жақты қолдау партия жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, олардың шешілуін жеке бақылауына алды.