Бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» көшпелі кеңес беру алаңы атты іс-шара ұйымдастырылды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында құрылған мобильді топ құрамында мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгер, адвокат, сот орындаушы, нотариус, Жамбыл облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ өкілі, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тұрғындарға құқықтық кеңес берді.
Қоғамдық қабылдауға келген аудан тұрғындары әр түрлі тақырып бойынша сауалдарын жеткізді. Қабылдау барысында ауыл азаматтары құқықтық қорғау, жайылымдық жерлер, тұрғын үй кезегіне тұру, жер телімін алу, жеңілдетілген несие алу сынды сұрақтарын қойды. Барлық сұрақтарға мобильді топ тарапынан заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заңгерлік көмек көрсетілді.