Қазақстанда көше атауын, үй нөмірін және тұрғын үй немесе тұрғын емес ғимарат екеніне қарамастан әрбір ғимаратқа берілген цифрлық кодты көрсететін жаңа аншлагтар ғимараттарда пайда болуда. Бұл жұмыс «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда ақпараттық тақталарды Масаншы ауылдық округінің әкімдігі сатып алып, үш ауыл: Масаншы, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 тұрғындарына таратып беруді көздеп отыр. Округте барлығы 21 мыңға жуық адам тұрады, 73 көше бар, жақын арада ескі маңдайшаларды жаңа әрі заманауи белгілерге ауыстыру жұмыстары басталады. Жалпы 4 млн. 800 мың теңге жұмсалған.
Маңдайшалар көлемінің ауқымды болуына байланысты бірден көзге түседі. Бірақ олардың мазмұны белгінің өлшемінен әлдеқайда үлкен екенін көп адамдар біле бермейді. Көріп отырғаныңыздай, белгілер QR кодтарымен жабдықталған. Бұл ғимараттың орналасқан жері туралы ақпаратты қамтитын сандық кодтар. Сонымен қатар код көптеген деректерді көрсетеді, мысалы, ғимаратқа қызмет көрсететін ұйым, оның тарихи құндылығы. Сонымен қатар, оны пайдалана отырып, аумақты қадағалайтын учаскелік инспектор немесе дәрігер туралы ақпаратты, тіпті қаласаңыз — ғимарат иесінің жеке деректерін білуге болады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, сонау 2016 жылдың ортасында министрдің тиісті бұйрығы шығып, оны орындау мақсатында ұлттық оператор «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасындағы пошталық индекстерді беру қағидаларына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне пошталық индекстер береді.
Министрлік мәлімдемесінде атап өтілгендей, жаңа пошта индекстері мекенжай деректерін дұрыс тексеру мәселелерін шешуге көмектеседі, өйткені көше атаулары бірдей, жаңа және ескі, үй нөмірлері нақты бекітілмеген тұрғынжайлар мен ғимараттар да кездеседі.
Қағидаларға сәйкес әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне: көппәтерлі үйге, жеке тұрғын үйге, тұрғын емес ғимаратқа (құрылысқа) пошталық индекстер беріледі. Пошта индексі жеті таңбадан тұрады, мұнда бірінші таңба (латын әрпімен жазылған) облыстың және (немесе) республикалық маңызы бар қаланың және астананың коды, екінші және үшінші таңбалар (араб цифрлары) облыс ауданының және (немесе) республикалық маңызы бар қаланың және астананың коды, төртінші (латын әрпі), бесінші (араб цифры), алтыншы (латын әрпі), жетінші (араб цифры) таңбалар жылжымайтын мүлік объектісінің коды болып табылады.
Еліміздің пошталық индекстерінің бірыңғай деректер базасы https://post.kz сайтында ұсынылған. Оған кез келген адам кіре алады.
Ұлттық пошта операторы жаңа пошта индекстерінің бірыңғай тізілімін (бұдан әрі – ЖПИ) құрады. QR коды бар бұл тізілім оларды кейіннен жылжымайтын мүлік объектілеріне орналастыру арқылы хабарландыру тақтасына жазу үшін әкімдіктерге беріледі. Аншлаг мекенжай тақтайшасы болып табылады. Оларды жұмысқа пайдалану үшін орналастыру ережелерін министрлік әр облысқа ұсынады.
Тақтайшалардың өлшемдері мен түстері де бекітілген: көпқабатты үйлер үшін 1500 х 375 мм, көк фонда ақ цифрлар мен әріптер; бір қабатты үйлер және жеке тұрғын үй құрылысы жобалары үшін – белгінің өлшемі 1500 х 300 мм, көк фонда ақ цифрлар мен әріптер. Сондай-ақ, қалалардың орталық көшелеріне жарықдиодты белгілер іліп қою ұсынылған.
Аймақтық бірлік атауын өзгерту немесе ғимараттың нөмірін өзгерту кезінде белгілер бір ай ішінде ауыстырылуы керек. Бұл ретте белгілерді орнату жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Ал жаңадан салынған ғимараттарға келер болсақ, қолданысқа беруге рұқсат алғанға дейін құрылысты жүргізген мекеме аншлагтарды іліп қоюы керек.
Жаңа пошта индекстері «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру іс-шарасы жоспарының жобасына енгізілген.