ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ БІР КҮНІ

0

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына соңғы өзгерістерге байланысты сұрақтар жиі туындауда. Қордағы қаржысының қаншалықты жиналғанын және оны соңғы өзгерістерге қарай қалай пайдалана алатынын білгісі келетін салымшылар да көп. Осыған орай,біз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмыстары жөнінде білмек ниетпен, арнайы бардық. Қордың бір күндік жұмысын бақылап көрдік.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Жамбыл облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаевтың айтуынша, қазіргі уақытта өзекті болып тұрған мәселе – Әлеуметтік кодекстегі зейнетақы қорына қатысты өзгерістердің биылғы 1 шілдеден бастап жүзеге аса бастағаны. Салымшылардан түсетін сауалдардың басым бөлігі де осыған байланысты екен.

– Зейнетақы жүйесіне қатысты  Әлеуметтік кодекс биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Сондықтан, шілде айының алғашқы күндерінде Қорға келушілердің қатары өте көп болып, кезек ұзаққа созылды. Көп салымшылар жинақтаушы қордағы қаржысының 50 пайызын қолға ала аламын деп түсінеді. Біздің мамандар барлық келушіге заң аясындағы ережелерді түсіндіріп беруде. Қазір ол кезек біраз саябырсыды. Бұл өзгерістердің бір бөлігі салымшылардың өз активтерін басқару құқығын кеңейтуге қатысты. Енді салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Ол үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді, басқарушы компанияны салымшы өз бетінше таңдай алады. Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар оны инвестициялық портфельді басқарушыға толық көлемде бере алады. Зейнетақы қорымен сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан компанияларға тоқталсам, олар – «First Heartland Jusan Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ – «Банк Центр Кредит» АҚ ЕҰ, «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ), «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Қазақстан Халық Банкінің «Halyk Finance» ЕҰ» АҚ. Айта кетейік, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін жинақтардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) қарамағындағы бөлігіне ғана береді. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және олардың табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға аудармас бұрын, нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесімен танысып алған жөн. Олардың инвестициялық декларациялары мен инвестициялық қызметтеріне жасалған шолулармен салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан танысып, зерделей алады. Бұл жерде салымшы ықтимал тәуекелдерді мұқият ескергені жөн. Толық ақпаратты алу үшін «https://www.enpf.kz/kz/» сайтындағы«Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінен танысуға болады. Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да қордың сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде нақты көрсетілген, – деген Әбдіманат Төреханұлы бұған дейін салымшы Қордағы қаржысының шектеулі сомадан асқанын аудару құқығына ие болғанын айтты.

Ол тұрғын үйге немесе емделуге пайдалану мақсатында жүзеге асатын. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы шамамен 3,6 триллион теңгеге 1 миллион салымшыдан түскен 1,8 миллионға жуық өтінішті орындаған. Тұрғын үйге пайдалану мақсатында 2021 жылдың қаңтарынан бастап биылғы 1 шілдеге дейін салымшылардың (алушылардың) біржолғы зейнетақы төлемдеріне 1 371 907 өтініші орындалған. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған отандастарымыздың арнайы шоттарына зейнетақы қорынан 3,2 триллион теңгеден астам қаражат аударылған. Ал емделу мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 344,4 миллиард теңге болатын 423 294 өтінішті орындаған. Өтініштердің 96,25 пайызы стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,67 пайызы офтальмологиялық қызметтерді алуға жұмсалыпты. Бұдан басқа медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1 пайызы пайдаланылған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалына келгендердің ішінде ардагер ұстаз Бақытгүл Бабашованы кездестірдік.

– Зейнетақы қорындағы қаражатым туралы және50 пайызын пайдалдануыма болатынын естіп, анығын білуге келдім. Сол мүмкіндікті пайдаланып, балаларыма баспана алуға жұмсасам деген мақсатым бар. Өзім 45 жыл білім саласында еңбек еттім. Студент кезімде балабақшада бала күтуші қызметінен бастадым, кейін мектепте мұғалім болып, одан ары сатылай өсе отырып, мектеп директорлығына тағайындалдым. Әркім өзінің еткен еңбегіне қарай зейнетақы алады. Зейнетақы қорының халыққа көрсетіп отырғанқызметіне ризамын, салымшы ретінде ешқандай шағымым жоқ, – дейді зейнеткер Бақытгүл Манкеқызы.

Тағы бір біз сөзге тартқан келуші зейнетақы қорына салымшы ретінде тіркелуге енді келген екен.

– Мен жаңадан жұмысқа кіріп жатқан жас маманмын. Жалақымның белгілі бір мөлшерін болашағым үшін зейнетақы қорына аударып отыратын есепшот ашуға келдім. Қор филиалының келушілерге жасап отырған жағдайына, көрсеткен қызметіне ризамын. Ішке енген кісіні қызметкері күтіп алып, электронды кезекке қояды. Күту залы қазіргі жазғы ыстық күнде ауа баптағышпен салқындатылған, шөлдегенде ішетін ауыз су да қойылған, – деп ұйымдастырылған жұмысқа разылығын жеткізді.

Филиал директоры Әбдіманат Еспаев салымшыларға келіп әуре болмау үшін 1418 бірыңғай телефон нөмірі арқылы да сұрақтарына жауап беретін қызмет барын айтады. Сонымен қатар, зейнетақы қорының сайтындағы сұрақ-жауап бөліміне түскен сауалдар да назарға алынып, дер кезінде жауап берілетінін жеткізді.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.