ЗЕРДЕЛЕУ НӘТИЖЕСІ – ҰСЫНЫСТАРҒА ҰЛАСТЫ

0

Сейсенбі күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаеваның басшылығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, Масаншы және Сортөбе ауылдық округтері әкімдері қатысты.

Осы жолғы отырыста Масаншы және Сортөбе ауылдық округтері әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарын зерделеудің нәтижесі талқыланды. Жиын барысында Баян Нәзікеқызы жақында қоғамдық кеңес мүшелері аталған ауылдық округтерге барып, зерделеу жасағандарын, соның қорытындысы бойынша округтердегі бірқатар кемші тұстарды баяндап берді.

Маңыздыларына тоқталып өтсек, Масаншы ауылдық әкімдікте мемлекеттік қызмет көрсету саласында көрнекі ақпараттар жетіспейді, мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолайлы жағдай толығымен жасалмаған. Ал, Масаншыдағы дүкендерді зерделеу барысында кәсіпкерлер фискалды чекті бермейтіні, сөрелердегі азық-түлік бағасы жазылмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру бағытындағы жұмыстар ақсап тұр. Осы секілді Сортөбе ауылдық округінің әкімдігінде де мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы көрнекі ақпараттар аз, мүгедектігі бар азаматтарға да жақсы жағдай жасалмағаны айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері Сортөбедегі ауылішілік тазалық көңіл көншітпейтінін атап өтті. Осы орайда тазалық мәселесіне назар аудару қажеттігі ұсынылды. Сондай-ақ, Сортөбедегі дүкендерде де тұтынушыларға фискалды чек берілмейтіні де айтылды.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері аталған ауылдық округ әкімдеріне бірқатар сұрақтарын қойып, Баян Қарамолдаеваның баяндамасында айтылған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар жеткізді. Сонымен қатар, халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасының шекті мөлшерден асып кетпеуін бақылау жөнінде де айтылды. Отырыста қаулы жобасы әзірленіп, тиісті шешімдер қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.