ЗЕРДЕЛЕУ НӘТИЖЕСІ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

0

28 мамырда Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков пен кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында күн тәртібіне екі мәселе шығарылды.

Бірінші мәселе – аудандағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, ал екінші мәселе – ауылдық округ әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарып жатқан жұмыстарының есебі.

Аталған тақырыптар аясында Қоғамдық кеңестегі комиссиялардың зерделеу жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Күн тәртібінің бірінші сұрақ бойынша «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссия төрағасы Бейқұт Жамангозов баяндама жасады.

Мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің қазіргі жай-күйін саралаған баяндамашы бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.

Онда кейбір білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайы тиісті нормалар мен стандарттарға сай еместігі, бюджеттен бөлінген қаржының басым бөлігі қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалып, материалдық қажеттіліктерге қаражат жетіспейтіндігі, балабақшалардағы ойын алаңдары бейнебақылау камераларымен толық қамтылмағандығы,

аудандағы 18 балабақшаның 10-ы көмірмен жылытылып отыр, бұл жағдайды шешу үшін оларды газдандыру қажеттілігі айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі» комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама жасады.

Отар және Кенен ауылдық округтеріндегі жұмыстарға жүргізілген зерделеу барысында бірқатар жетістіктермен қатар, кемшіліктер де анықталған.

Мәселен, Отар ауылдық округінде Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы орын алыпты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру шаралары нашар жүргізілген.

«Брайль қарпімен мекеме аты жазылмаған, тактильді жолдар салынбаған, мүгедектерге арналған арнайы тұтқалар мен дыбыстық қондырғылар жоқ, санитарлық тораптар мүгедектерге бейімделмеген», — дейді баяндамашы.

Ал, Кенен ауылдық округінде округ әкімдігі ғимаратында мүгедектерге арналған жағдайлар ішінара ғана қарастырылған, жергілікті қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі төрағаларының және аналар кеңесі төрайымдарының жұмысы сақталатын папкалері жоқ, әкімдікке бухгалтер бекітілмегендіктен, кейбір сұрақтарға жауап беруде қиындықтар туындаған, сонымен қатар штат кестесі бойынша нақты ақпарат жоқ.

Осы және өзге де мәселелерді баяндамашылар тізбектеп өткеннен кейін, ауылдық округ әкімдері орын алған кемшіліктер бойынша түсініктеме берді.

Жиын соңында Қоғамдық кеңестің шешім жобасы талқыланып, бірауыздан қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.