Шілденің аптап ыстығы аудан диқандары үшін ерекше қарқынды жұмыспен тұспа-тұс келеді. Шаруаның төккен тері мен жұмсаған еңбегінің жемісін көретін кез де келді. Жалпы биыл ауа райы шаруалар үшін қолайлы. Көктем жауынды болып дәнді дақылдардың тез көтеріліп, күш жинауына септігін тигізді. Енді соның жемісін шашау шығармай жинау қажет.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше аудан бойынша биыл 68400 га жерге дәнді дақылдар себілген. Оның ішінде 46200 га арпа болса, 22200 га күздік бидай. Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы шаруашылықтар піскен егісті жинауға кірісіп кеткен. Егіс науқанына 641 трактор мен 97 комбайн жұмылдырылған. Қазіргі таңға жалпы егіс көлемінің 6000 га жуығы орылып бітірілген екен. Әзірше орташа өнімділік гектарына 20 центнерден түсіп отыр. Осыған орай жуырда аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаевпен бірге ауданымыздың алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бірі «Бәйтерек» ШҚ барып, бас агроном Евгений Трубниковпен бірге тәжірибелі алқапты аралап шықтық. Шаруа қожалығының тәжірибелік алқабында диқандар дәнді дақылдардың жаңа сорттарын егіп, тәжірибе жүргізеді. Неғұрлым мол өнім беретін сорттарын кейін басқа алқаптарға да таратады.
«Биыл 40 га жерге «Эвклид» атты француздық тұқымды ектік. Оны қазір өздеріңіз көріп отырсыздар. Шығымы жақсы, гектарынан 56 центнерден түсіп жатыр. Былтырғы қуаңшылық кезінде де осы «Эвклид» өзін жақсы жағынан көрсете білді. Ол кезде гектарынан 17 центнерден алған едік. Келесі жылы егістігіміздің көп бөлігіне осы тұқымды егуді жоспарлап отырмыз. Шамамен 60-70% дәнді дақылдар алқабында осы болмақ», — деді шаруашылықтың агрономы Евгений Трубников. Одан бөлек шаруашылықта отандық «Бригада», «Гром», «Этнос» секілді ресейлік тұқымды тәжірибеден өткізуде. Е.Трубниковтың айтуынша шаруашылықта 1500 га жуық жерге дәнді дақылдар егілген. Барлық тиісті агротехникалық шаралар жүргізіліп, тыңайтқыштар себілген. Негізінен «Татьяна» және отандық «Стекловидная-24» атты тұқымдар себілген. Шаруашылықта техниканың барлығы су жаңа, тракторлар мен комбайндар аты әлемге танымал, америкалық «John Deere» компаниясының сапалы өнімдері. Диқандар дәнді дақылдарды ору науқанын бір-бір жарым айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. «Егіс науқаны жоспар бойынша жүруде. Биылғы ауа райының өсімдіктер үшін қолайлығының арқасында диқандардың төккен тері ақталып, мол өнімге үміттеніп отырмыз. Орақ науқаны біздің тұрақты қадағалауымызда тұр», — деді Бақдәулет Садырбаев.