Ұстаздық – үлкен құрметке лайық ұлы мамандық. Өйткені, ұстаз талай жылдан бері бізбен қоян-қолтық жүріп, бар білімін сарп етеді. Арнайы пән мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен, мұғалім мамандығы ең қиын мамандықтардың бірі деп айта аламыз. Оның үстіне ұстаздар әр оқушының тәрбиесіне тікелей атсалысады, оған жанын, күш-қуатын, махаббатын салады. Белгілі бір биіктерге көтерілгенде, алға қойған мақсатымызға жеткенімізде олар бізді мақтан тұтады, тіпті біздің әрбір алған «5» деген баға мұғалімге қуаныш сыйлады…
Біздің сүйікті алтын ұямыз — Михайловка орта мектебінде мұндай ұстаздар көп болғанын мақтанышпен айта аламыз. Бірақ біз бір мұғалім туралы көбірек айтқымыз келеді. Сүйікті ұстазымыз Грошев Василий Алексеевич болған, ол биылғы 13 қазанда өзінің 75 жасқа толған мерейтойын атап өтеді.
Василий Алексеевич 1948 жылы Михайловка (қазіргі Қарасай батыр) ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы мектепті аяқтаған соң Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1966 жылы Михайловка орта мектебінде музыка пәні мұғалімі болып бастаған, университетке оқуға түскеннен кейін математика және физикадан дәріс бере бастады. Өзінің көп жылғы еңбек жолында «Молодой гвардеец пятилетки» белгісімен марапатталып, «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» атағын иеленген. 1987-1992 жылдар аралығында мектеп директоры болды. Кәсіби тәжірибелі педагог құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де мектепте жұмыс істеп, туған мектебінде 50 жылдан астам уақыт бойы еңбек сіңірді.
Педагогтердің кәсіби мерекесі – Ұстаздар күні қарсаңында және Василий Алексеевичтің 75 жылдық мерейтойына орай біздің сынып атынан құттықтау тілектер мен алғыс сөздерімізді жеткізсек деп едік.
«Мен, Надежда Бауэр, отыз жылдан бері Германияда тұрамын. Бірақ бүгін мен өзім туралы емес, біздің өмірімізде үлкен рөл атқарған адам туралы айтқым келеді. Ол Грошев Василий Алексеевич. Бізге, Михайловка орта мектебінің оқушыларына, аудандағы ең мықты математиктен дәріс алу бақыты бұйырыпты. Ол біздің сынып жетекшіміз болғандықтан екі есе жолымыз болды. Ол бізге тек математиканы ғана емес, өмірді де үйретті. Василий Алексеевич әрқашан біз бұл өмірде бәрін жасай білуіміз керек деп айтатын. Ол бізге музыканы, ән айтуды үйретті, біз қарттарға көп көмектестік. Төзімділікті, достықты, өзара түсіністікті және басқа да көптеген қасиеттерге баулыды, тауға жиі баратынымыз есте қалыпты…
…Мектепті бітіргенімізге 43 жыл өтіпті, ал мектепті, ұстаздарымызды және, әрине, ең алдымен сынып жетекшімізді әлі күнге дейін жылы сөздермен ғана еске аламыз».
Ирина Костенко, математика және информатика пәнінің мұғалімі: «Бізді шын көңілмен қабылдап, шыдамдылық, түсіністік танытқаныңыз және сіңірген еңбегіңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сабақтарыңызда сараланған әдісті қолданып, білімімізді тексерудің жолдарын ойлап таптыңыз, оқуға деген қызығушылықты арттырдыңыз. Сіз бізге математиканы ғана емес, мейірімділікті, достықты, махаббатты үйреттіңіз. Сіздің өнегеңіз мен үшін құнды, мен сізді әрқашан есімде сақтап, әріптестеріме сіздің жұмысыңызға адалдығыңызды, толық берілгендігіңізді айтып отырамын. Біз үшін уақыт пен қаражатыңызды аянбай, жан-жақты дамыттыңыз. Жарыстар мен байқауларда, жұмыста және демалыста біз, сіздің оқушыларыңыз, өмір сүруді, қиындықтарды жеңуді және еңбектенуді үйрендік! Әрбір істе позитивті табуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Барлық қуанышты сәттерді бізбен бөліскеніңіз үшін рахмет! Сізге шын жүректен денсаулық және сүйіспеншілік тілеймін! Керемет адам және ең жақсы математика мұғалімі болып қала беріңіз!».
Нұрила Сейдалиева: «Өзімнің ұстазым, сынып жетекшім – Василий Алексеевич Грошев жайлы айтсам деп едім. Оның әрбір сабағы өте қызықты болып өтетін. Соның бір мысалы, сонау 70-ші жылдары ол пән кабинетін жабдықтап қойған еді: әр партада 5 түтікше орнатылған, оны басқанда ұстаздың үстелінде орналасқан шамдар жанады. Ұстазымыз әр оқушыға бес тапсырмадан беретін, және жанған шамдар бойынша қай оқушы қандай тапсырманы орындап болғанын бақылап отыратын. Сондай-ақ, терезелерге қараңғылаушы қағаз ілініп тұратын. Қараңғыланған сынып тақтасына теоремалар слайд арқылы көрсетіледі, оқушы теореманы көшіріп жазбастан, карточка арқылы дәлелдеп тапсырманы орындап отыратын. Осының бәрін ұйымдастырып, орнату үшін қаншама сымдар, құбырлар, түтікшелер, шамдар керек, оларды жеткізу үшін неше мәрте көлік қажет болды десеңші… Енді міне, арадан көп жылдар өткенде сол материалдық шығынның бәрін ұстазымыз өзінің мұғалімдік жалақысынан шығарып отырғанын түсіндік.
Ол әрдайым математикадан қосымша сабақтар өткізіп тұратын (тегін), оқушыларды жоғары оқу орындарына дайындайтын, үйірме ұйымдастырып, бізге сол кезде таңсық болған фотоаппаратпен жұмыс істеуді, сурет шығаруды үйрететін, суреттерден көптеген альбомдар жиналатын. Бізді өте әдемі жерлерге көп апаратын. Сөйтіп, бір күні ол бізді тауға, атақты «Әулие Шоқыға» (тауларымыздың ең биік шыңы) апарды, сонда біз құбыр қағып жалау орнаттық, содан кейін біз оны мектеп ауласында тұрып телескоп арқылы қарап отыратынбыз. Василий Алексеевичтің арқасында Ақтюздың (Қырғызстан) көрікті жерлерін көріп, Алматының Медеуінде болдық. Жазда ол Ыстықкөлге саяхат ұйымдастырып, онда біз Тянь-Шань тауларында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды араладық. Бұл Василий Алексеевичтің сіңірген еңбегінің бір бөлігі ғана. Рахмет сізге Ұстаз!».
Құрметті Василий Алексеевич! 1980 жылғы 10 «В» сынып оқушылары Сізді шын жүректен құттықтаймыз. Сіз нағыз Ұстаз, нағыз мейірімді жансыз! Және бұл жай сөз емес. Білімің жоғары болмауы мүмкін, тәрбиенің жоғары болуы керек деген. «Тәрбие» сөзінің мағынасы – адам бойындағы негізгі құндылықтарды: достаса білу, үлкенді сыйлау, салт-дәстүрді ұстану, өзін-өзі қабылдау, табиғатты, музыканы сүю тәрізді қасиеттерімізді дамытуда Сіздің еткен еңбегіңіз ерекше. Василий Алексеевич, бізге, сіздің шәкірттеріңізге сіңірген үлесіңізді тізіп шығу көп уақытты қажет етеді. Сол үшін алдыңызда бас иеміз. Біз бәріміз жеке тұлға ретінде жетістікке жеттік, бұл да Сіздің еңбегіңіз.
Құрметті біздің сүйікті сынып жетекшіміз, өміріңізде Сізді бақытты ететіннің бәрі болсын!
1980 жылғы
10 «В» сынып оқушылары