ЖҮРЕК ҚАЛАУЫН КЕСТЕГЕ ТҮСІРГЕН ШЕБЕР

0

«Жаның сүйетін мамандықты таңдасаң, өмір бойы жұмыс істемейсің» деген нақыл сөз Зарина Каипбаеваның тағдырымен үйлесіп тұрғандай. Өз ісіне деген шексіз махаббаты мен адалдығы оны биік белестерге жетелеп, бүгінде елімізге ғана емес, шетелге де танымал «Arunaz Atelier» сән үйінің бас мастеріне айналдырды.

 

Зарина Төлеуліқызы сән әлеміне бала кезінен ынтық болды. «Кішкентайымнан әдемі көйлек киюді ұнататынмын. Өскенде өзім тігін тігіп отыратынымды елестететінмін. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі киімдер тігіп, қиялымды іске асыра бастадым», — дейді ол. Қордай ауданы, Жамбыл ауылындағы мектепті 1995 жылы тәмамдап, сол жылы Шымкентке аттанып, дизайнер әрі тігін ісінің майталманы Жанна Қуанышқызынан бес жыл бойы шеберліктің қыр-сырын үйренген. «Маған бар өнерін үйреткен ұстазыма өмірлік алғысым шексіз», — деп ризашылығын білдіреді Зарина ханым.

Тәжірибе жинаған соң, Қордайға оралып, ұзақ жылдар бойы үйден жұмыс істеді. «Сол кездегі клиенттерім өте талғампаз, сәнқой, жомарт әйелдер болды. Олардың әр тапсырысы менің шеберлігімді шыңдауға үлкен мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе кейінгі кәсіби жолыма көп көмектесті», — дейді ол.

Бүгінде Зарина Алматыдағы отандық «Arunaz Atelier» сән үйінде төрт жылдан бері бас мастер, модельер-конструктор болып еңбек етеді. «Біздің сән үйімізде әр тапсырыс – жаңа идея мен шабыттың бастауы. Сән үйінің жетекшісі Назым Карпыкова әрдайым тың ой тастап, бізді қанаттандырып отырады. Біз оның эскиздерін ұлттық нақышпен үйлестіріп, заманауи үлгіде әдемі етіп жүзеге асырамыз»,— дейді шебер.

Таңғы сағат 10-нан кешкі 7-ге дейін матамен жұмыс істеу, лекало дайындау, өлшем алу – Заринаның күнделікті кәсібі. «Мен үшін бұл жай ғана жұмыс емес, жан рахаты. Әр кескен матам, әр тігісім өз қолтаңбам секілді», — дейді ол.

Есте қалған ерекше тапсырыстары жайында сұрағанда, шебердің жүзі бал-бұл жайнайды: «Ең ұмытылмас жұмысым – жапон стиліндегі көйлек болды. Бұл идеяны Назым екеуміз бірге ойлап таптық. Біз отандастарымызбен қатар, шетелдік жұлдыздардың да біздің киімдерімізді кигенін қаладым. Сол арманымыз орындалып, америкалық топ-модель әрі актриса Эмбер Валлетта біздің көйлекті таңдап алды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, еңбегімнің бағаланған сәті», – деп еске алады ісмер.

Сәнгердің айтуынша, ең күрделі тапсырыстар – шоу-бизнестегі әртістер мен театр сахнасына арналған киімдер. Мұнда жылдамдық пен дәлдік, талғам мен табандылық қатар талап етіледі. Ол әрдайым сапалы табиғи маталармен жұмыс істеуді жөн көреді: «Сапалы мата – сапалы киімнің кепілі. Ондай бұйым әрдайым бай да сәнді көрінеді».

Зарина Төлеуліқызы жас тігіншілерге «Әр клиенттің ішкі қалауын сезіну, мұқият тыңдау – ең басты қағида. Әйелдің ойын дөп басып, арманына айналған көйлекті тігу үшін адамды жақсы сезе білу керек», — деген ақылын айтады.

Болашақта жеке сән үйін ашу туралы ойлағанымен, ол бар уақытын ұйымдастыру жұмысына емес, шығармашылыққа арнағысы келеді. «Өзім ұйымдастыру жұмыстарынан гөрі шығармашылықпен айналысуды, жаңа дүниелер ойлап табуды көбірек сүйемін. Қазір бар күш-қуатым, ой-арманым «Arunaz Atelier»-мен тығыз байланысты. Маған ең бастысы – әдемі көйлек тігіп, адамдарға қуаныш сыйлау»,-дейді кейіпкеріміз.

Өз ісіне деген адалдық пен талмай іздену арқасында Зарина Каипбаева бүгінде сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған шеберге айналды. Оның қолынан шыққан әрбір туынды – нәзік өнер мен ұлттық өрнектің жарасымды үйлесімі. Қордайдан шыққан шығармашылық адамына шабыт пен жаңа идеяларының үзілмеуін, еңбегі әрдайым бағалана беруін тілейміз!

 Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.