«Жүрек жылуын сыйлаймыз»

0

Елімізде 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтіледі. Осыған орай жұма күні Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде «Жүрек жылуын сыйлаймыз» атты қолөнер жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге мәдениет үйінде мүгедектігі бар жандар, Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың және Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жәрмеңкеде «ерекше» жандардың өз қолдарымен әзірлеген түрлі тәттілері, тағамдары, сондай-ақ қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды. Көздің жауын алар жәрмеңке тауарларын сатып алып, сол арқылы сауапқа кенелгендердің қатары көп болды. Мәселен, дәмді тағамдардан бөлек, қамшы, ертоқым, картиналарды сатып алған қордайлықтар кездесті.

Айтулы күнге орай концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Сахна төрінде аудан өнерпаздарымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар да өз өнерлерін көрсетіп, жиналған қауымды тәнті етті.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға «Нөсер» шаруа қожалығының басшысы Айбек Жолдасбаевтың және «Қордай Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілік көмегімен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.