ЖҮРЕКПЕН АЙТЫЛҒАН ӘН – ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДІ

0

Әдетте, адам сүйікті ісін жан-тәнімен беріліп, ерекше көңілмен атқарады. Ал, өзіңе ұнайтын іспен айналысу үшін жас кедергі емес. Зейнет жасында да өзіңізді еркін сезініп, көңіліңізден шығатын нәрсені табуға болады. Бала-шаға ер жетті, немерелер өсіп жатыр, енді ұмыт бола бастаған «хоббиіңізбен» айналысуға уақыт жеткен тәрізді.
Ауданымыздағы шығармашылық жобалардың бірі Үлкен Сұлутөр ауылындағы әжелер ансамблінің құрылу тарихы дәл осындай.
Биылғы наурыз айында аудан әкімінің халықпен кездесуі кезінде аталған ұжым тұңғыш рет қасиетті сахнаға шықты. Сол кезде дарынды апалардың шырқауындағы әнді тыңдаған жұртшылық қошеметпен қарсы алған еді. Осы сәтте ансамбль қатысушылары өнерлерін шыңдауға бел буды. Ансамбльдің құрылғанына көп болмаса да мерекелерде өнер көрсетіп үлгерді. Олардың қатысуымен «Алғыс айту күні», «Халықаралық әйелдер күні» және «Наурыз мейрамына» арналған концерттік бағдарламалар өткізілді.
Ауылда өз ансамблінің пайда болғанын ауыл тұрғындары зор қуанышпен қабылдады.
Ұжымға ауылдық әкімдік ғимаратынан бөлме бөлінді. Кең әрі жарық кабинетте ақжаулықты әжелеріміз дайындалады, репертуарларын таңдайды. Негізінен халық әндерін шырқайды, тыңдарман қауым, әсіресе, Шәмшінің әндерін жақсы қабылдайды. Ұжымның құрметті мүшесі – аккомпаниатор Мұратхан Өзбеков, оның орны ерекше.
Бір қызығы, ансамбль мүшелерінің бірде-біреуінің музыкалық арнайы білімі жоқ. «Жүрекпен айтылған ән – жүрекке жетеді», деп сенеді өнерлі апалар.
Ұжым ұйытқысы – Шәрипа Толысбаева. Ауылдық аналар алқасының төрайымы ретінде ол әйел-аналармен жиі кездесіп тұрады, сондай жиналыстардың бірінше ансамбль құру туралы идея пайда болды.
-Басқа ауылдардың апа-әжелерінің ән шырқағанын көргенде қызығатынмын, және біздің ауылда да болса екен деп армандадым. Үлкен Сұлутөрде талантты апалар мен әжелер көп қой. Бағыма орай, ауылдастар мені қолдады, ауылдық округ басшылығы көмектесіп, қысқа мерзім ішінде ансамбль өмірге келді, — дейді Шәрипа апа.
Әжелер ұжымы жарқын жүзді әрі бөлекше келген. Мұнда ән мен күйге деген сүйіспеншілігі бір аға буын өкілдері жиналған. Әжелер әр концертке жоғары жауапкершілікпен дайындалып, бір-бірінің көңілін қалдырмауға тырысады.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.