«Бір үй аш болса, бір ауыл аш,
Бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш», дейтін жанашыр халқымыз мұқтаж жаннан қамқорлығын аямаған. Бүгінде табиғат апатымен арпалысқан алыстағы ағайынға ел болып жұмыла көмек көрсетудеміз. Отандастарымыздың басына түскен қиындығына қордайлықтар да бейжай қарай алмады. Алдыңғы апталарда бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген аудан тұрғындары осы демалыс күндері тағы да бес жүк көлігін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жөнелтті.
Солтүстік Қазақстан облысына жол тартқан жүк көлігіне азық-түлік, тұрмыстық заттар мен басқа да ең қажетті деген бұйымдар жиналды. Айта кетейік, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында қолға алынған қайырымдылық шарасына аудан құрамына кіретін бірқатар ауылдық округтер де белсене атсалысуда. Мәселен, Қақпатас ауылдық округінің көнекөз қариялары бас болып, ауыл тұрғындары жұмыла су тасқыны орын алған аймақтарға 3 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде азық-түлік, көрпе, киім-кешек сынды өзге де тұрмысқа керекті заттар бар. Сол сияқты Отар ауылдық округінің тұрғындары да осы демалыста бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, гуманитарлық көмек жинап, татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Қайырымдылық шарасынан аудандық білім бөлімі де қалыс қалмауда. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөліміне қарасты мекемелердің қызметкерлері су басқан аумақтардағы ағайынға көмек қолын созу, сол арқылы оқушылардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, халқымыздың ауызбіршілігін нығайтуға атсалысатын азамат болуға тәрбиелеу мақсатында 2024 жылдың 19 сәуірі күні сағат 13:00 — 14:30 аралығында «Үміт жәрмеңкесі» атты су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау акциясын ұйымдастырды. Қайырымдылық жәрмеңкесінде оқушылары өздерінің қолынан келген тоқыма, қолөнер, тағам бұйымдарын ұсынған. Оқушыларды қолдап, балалардың дүниесін сатып алуға ауыл жұрты белсене қатысты.
Білім бөліміне қарасты 43 мектеп атсалысқан игі шараның нәтижесінде бір жарым сағаттың ішінде 5325596 тг (бес миллион үш жүз жиырма бес мың бес жүз тоқсан алты теңге) жиналды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, тәрбие бағытындағы мамандарының бастамасымен мектептің өзін-өзі басқару ұйымдарының игі істеріне ауыл тұрғындары, мектеп директорлары тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде жиналған сома мұқтаж ағайынға мақсатты түрде жұмсалуын жауапкершілікке алу Қордай ауданынан шыққан көпшілікке танымал журналист Гүлмира Әбіқайға сеніп тапсырылды. Халықтың сүйікті журналисі болашаққа алаңдаулы жас ұрпақтың бастамасынан бір жарым сағатта бүкіл бір ауылдың қажетіне жарамды соманың жинақталғанына таңданысын жасырмады. Алдағы күндері «елім» деп еміренген жас өрендер мен олардың жетекшілерімен кездескісі келетінін айтты. Гүлмира Әбіқай өзінің инстаграм парақшасында Қордайда қолға алынған сауапты іс туралы жазып, ойымен бөліскен: «Енді жиналған қаражатты шашау шығармай бұл жолы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Берсиев ауылына аударсақ деп отырмын. Кезіндегі тарының атасы, Шығанақ Берсиев ауылы түгел суға кетті. Шамамен 300 отбасы мекендейтін үлкен елді мекен тұрғындары қазір босып жан-жаққа кеткен. Әйел мен балалар эвакуация орталығында, ауылда кіл еркек кіндік қалыпты. Оларға палатка жетіспейді.
Мені көріп, ізімді басқан барша жерлестеріме мың алғыс айтқым келеді. Оқушылардың бәрі тиктокта отырған жоқ, елім-жерім деген отансүйгіш ұрпақ бар екен. Олардың дәл мен туып-өскен жерден болғанына мақтанамын, ауылыммен мақтанамын. Ұрпағымыз саналы, жастарымыз иманды болғай!»,— делінген жазбасында.