ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ДАРЫНДАР

Қордай – өнерлі өрендерімен талайды тамсандырған қасиетті өлке. Ауданның дарынды жастары түрлі облыстық, халықаралық байқауларда сан мәрте топ жарып, туған жерлерінің атын әлемге танытып келеді. Жуырда қордайлық өнерпаздар тағы да бірқатар фестивальдерге қатысып, жүлде қоржынын толтырып қайтты.

0

Мәселен, 2 маусым күні Қордай аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Ромашки» вокалдық тобы Халықаралық «Күншуақ» фестиваліне қатысып, «Вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.  Халықаралық байқаудың әділ қазы мүшелері жерлестеріміздің жоғары кәсібилігі мен ерекше талантын атап өтіп, жетекшісіне деген ыстық ықыластарын білдірді.


Жуырда композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рамазан Таймановтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған І республикалық «Сыр Ана» атты әншілер конкурсы өткен болатын. Қордай аудандық Мәдениет үйінің әншісі Нұржан Балтабай аталмыш өнер додасының Жамбыл облыстық іріктеуінен оза шауып, Республикалық додада облыс намысын қорғады. Байқау нәтижесі бойынша Нұржан Балтабай дипломант атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды.


Жеңіс тұғырынан көрінген келесі өнер ұжымы – Қордай аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Аққу» халықтық би ансамблі. Мың бұралған «Аққу» ансамблінің бишілері Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласында өткен «TARAZ ART FEST- 2024» халықаралық мәдениет және өнер фестиваль-байқауына қатысты. Байқау нәтижесі бойынша «Аққу» халықтық би ансамблінің үлкен тобы – І орынды, кіші тобы – жүлделі ІІ орынды иеленді.


Сонымен қатар, аталмыш би ұжымының жетекшісі Жазира Мұсахметова арнайы «JULDEGER» халықаралық ассосациясының басшысы А.Умирбаеваның құрмет грамотасымен марапатталды.


Жерлестеріміздің дәстүрлі өнерді дәріптеуге қосып жатқан үлестері де аз емес. Жақында Сәтпаев қаласында өткен Халық шығармашылығының республикалық ХХХII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, сазгер Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған  «Сарыарқа саңлақтары» атты Республикалық дәстүрлі әншілер байқауында өнер көрсеткен Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Е.Тәжібаев дипломант болып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жұлдызы жанған өнерпаздарды жүлделерімен құттықтаймыз!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.