«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

0

Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың төрағалығымен «Қауіпсіз Қордай» жобасын іске асыру мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысып, тжоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.

Нұрболат Ақынғалиұлы жиынның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта берілген тапсырмаларды сапалы орындамай, жауапкершілік танытпаған жауапты тұлғаларға нақты шаралар қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар бөлімдер мен мекеме басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау мақсатында бейнебақылау камераларын орнату, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тыйым салынған орындарда шомылудың алдын алу, сондай-ақ аудан аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында полиция бөлімі және прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар сотталған азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрғандар және профилактикалық бақылаудағы жасөспірімдермен жүргізілетін жұмыстарды жаңа бағытта жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Жиында қылмыс жиі орын алатын жерлерді анықтау, зерделеу, сондай-ақ алкоголь және темекі өнімдерін сататын дүкен иелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізу мәселелері де қаралды.

«Қауіпсіз Қордай» тұжырымдамасы – барлығымыздың ортақ жұмысымыздың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан берілген тапсырмаларды мұқият орындап, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ішкі істер органдарымен бірлескен жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Әр тапсырманың орындалу мерзімі белгіленіп, нәтижесі қатаң бақылауға алынатын болады», – деді Нұрболат Сатымқұл.

Жиын барысында қатысушылар тақырып аясында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Айта кетейік, «Қауіпсіз Қордай» – құқық бұзушылықтың алдын алуға, жол және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аудан жастары арасында қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жергілікті кешенді бағдарлама. Бағдарлама аясында аудандық прокуратура, полиция және әкімдік бірлесіп жүйелі рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.