Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар мәселелер қаралды.
Жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланыс мәселесі бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхам-мед Ниязбеков, облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, бірыңғай диспетчерлік қызметінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек баяндама жасады. Олар тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына жауап беру деңгейіне тоқталып, бірқатар мәселелерді атап өтті. Осы орайда облыс әкімі барлық өтініштерге дер кезінде және сапалы жауап беру керектігін ескертті.
Екінші мәселе бойынша сөз алған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру туралы баяндады. Оның айтуынша, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49500 адам тартылады деп жоспарлануда. Жыл басынан бері 12290 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 12038-і жұмысқа орналастырылған (6216-сы тұрақты).
— Ағымды жылдың 1 мамырындағы ақпаратқа сәйкес, 107 адам 131,0 млн теңге қайтарымсыз грант алды. Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі тарапынан грант берудің жаңа Қағидалары дайындалу үстінде. Осыған орай, Министрлік тапсырмасына байланысты жаңа Қағида бекітіліп келгенге дейін грант беру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жаңа Қағида бекітілісімен грант беру жұмыстары қайта басталады, — деді Кенжебек Олжабай.
Өңірлік карта аясында 2022-2025 жылдары аралығында облыста 79730 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облысты дамыту бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары аралығында жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 14827 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту бойынша республика деңгейіндегі көрсеткішінің төмендігін сынға алып, қажетті қаржы қаралғанын, тек жұмыстарды нәтижелі ұйымдастыру, үйлестіру керектігін атап өтті.
— Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашу туралы тапсырмасы орындалу керек, — деп талап етті Н.Нұржігітов.
Сондай-ақ, басқосуда облыстағы эпизотиялық ахуал қаралды. Облыс әкімі мал ауруларының алдын алу, сібір жарасынан сақтану, қаңғыбас иттерді аулау шараларының маңыздылығына тоқталып, ветеринария саласындағы жұмыстарды күшейту бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі