Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі алаңында аудандық Мансап орталығының директоры Саламат Көпешов «Кәсіпкерлікке бастар жол: өзін-өзі жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламалар» тақырыбында брифинг өткізді.
Брифинг барысында Мансап орталығының басшысы аудандағы жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері 2402 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 43,6 пайызын құрайды. Бос жұмыс орындарына 1119 азамат жолданған.
2025 жылы жұмыссыз азаматтарды 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту көзделіп отыр. Бұл бағытта 145 адамды оқыту жоспарланған. Оның ішінде 100 адам арнайы оқу ұйымдарында, ал 45 адам нақты жұмыс орындарында кәсіби машықтан өтеді.
Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы аясында 385 адамды оқыту жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін 221 азамат бағдарламаға қатысуда. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды 150 адамға беру көзделіп, алғашқы лекпен 45 азаматқа грант берілген.
Спикердің айтуынша, шілде айының соңында және тамыздың басында грантқа өтінім қабылдаудың келесі легі басталады. Бұл гранттар әлеуметтік осал топтарға беріледі. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, қоныс аударушылар, мүгедектігі бар азаматтар және қандастар аталмыш қолдауға үміткер бола алады.
Саламат Көпешов брифинг барысында бұл гранттарға қатысты алаяқтық әрекеттер көбейіп кеткенін ескертіп, азаматтарды тек ресми арналар арқылы ғана ақпарат алуға шақырды. «Қайтарымсыз грантты алып беремін» деген жалған уәделерге сеніп қалмау үшін аудандық Мансап орталығына жүгінуді ұсынды.
Жиында субсидияланатын жұмыс орындары туралы да мәлімет берілді. Биыл қоғамдық жұмыстарға 630 адамды тарту жоспарланған, бүгінгі таңда 621 азамат жұмыспен қамтылды. «Жастар практикасына» – 220, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 58, «Әлеуметтік жұмыс орындарына» – 70, ал «Күміс жас» жобасы бойынша 90 адамды жолдау көзделсе, бүгінгі күнге дейін жоспарлардың көпшілігі орындалып үлгерген.
Мысалы, «Жастар практикасына» қазіргі уақытта 67 адам тартылса, «Алғашқы жұмыс орнына» 12 азамат жолданған. «Жастар практикасы» – жаңа түлектердің алған мамандығы бойынша тәжірибе жинауына бағытталған бағдарлама. Жалақысы 30 АЕК (88 300 теңге) көлемінде субсидияланады. Бұл бағдарламаға колледж, жоғары оқу орындарын бітірген 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған. Оның мерзімі 18 айға дейін жалғасып, одан кейін қатысушы тұрақты жұмысқа орналастырылады. Бұл бағдарлама да 30 АЕК көлемінде жалақы төлеуді қарастырады.
Ал «Әлеуметтік жұмыс орындары» бойынша жоспар толығымен орындалды – 70 адам еңбекке тартылды. Сонымен қатар «Күміс жас» жобасы арқылы 64 адам жұмысқа орналасқан.
Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша да нақты істер бар. Жыл басынан бері 1 отбасы – 2 адам қоныс аударып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Сонымен қатар бағдарламаға қызығушылық танытқан азаматтарға қолжетімді мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы ақпарат ұсынылды.
Спикердің айтуынша, жұмыспен қамту саясаты елдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыттың бірі. Сондықтан да мемлекет тарапынан бұл салада жан-жақты қолдау жалғаса бермек.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ