Қордай ауылының орталық көшесі саналатын Төле би көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Басшылықтың тапсырысы бойынша «Ақжол сервис» ЖШС аудандық орталық ауруханаға дейінгі аралықтағы ескі асфальтті қырып, көшені кеңейту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Әрине, көп жылдан бері күрделі жөндеуді көрмеген көшеге жаңа асфальт төсеу сұранып тұрды. Алайда, Қордайдағы халық ең көп жүретін осы аралықтағы жұмыстар тұрғындарға бірқатар қиындық туғызып отырғаны анық. Осы аралықты айналып жүретін авто көліктер басқа көшелермен жүріп, таңертен және кешке қаладағыдай кептелістер орын алады. Ал, жаяу жүргіншілер болса қазылып, қопарылып жатқан жермен жүруде қиналуда.
Осы себептен Қордай ауылдық округі әкімдігінен жөндеу жұмыстары жайында сұрастырған едік. Ауылдық округ әкімінің орынбасары Ахат Мықышев жұмыстар өндірістік кестеге сай орындалатынын мәлімдеп, мердігер «Ақжол сервис» ЖШС өкілдерімен сөйлескен болатын. Мердігердің айтуынша, жөндеу жұмыстарының созылуына екі себеп бар. Біріншісі – Алға ауылындағы асфальт зауытынымен байланысты болса, екіншісі – ауа райының қолайсыздығы жұмыстың тез жүргізілуіне кедергі келтіріп отыр. Осы ретте «Ақжол сервис» ЖШС өкілі қараша айының соңында барлық жұмыстар аяқталатынын жеткізді.