ЖҰМЫСТЫ БІРЛЕСЕ АТҚАРУ ҚАЖЕТ

0

11 наурыз күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда бірқатар аудан әкімдері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген болатын.

Қордай ауданы бойынша бүгінгі таңда қолға алынған тынымды тірліктер турасында аудан басшысы Бегзат Болатбеков те баяндама жасады.

Бегзат Сейсенқұлұлы баяндамасын жыл басынан бері ауылдық округ тұрғындарымен есептік 8 кездесу өтіп, 89 проблемалық мәселелер өз орнында шешімін тауып, 76 мәселе бақылауға алынғандығын айтумен бастады. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік — экономикалық көрсеткіштерінің 2024 жылдың бірінші тоқсанының болжамдық орындалуы бойынша есеп берді.

— Өнеркәсіп 5 млрд. теңгеге, индекс көлемі 100,0 пайызға,  инвестиция 11,5 млрд. теңгеге, индекс көлемі 131,0 пайызға, құрылыс 1 млрд. теңгеге, индекс көлемі 101,0 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 11,2 мың шаршы метрге, индекс көлемі 101,5 пайызға, бөлшек сауда айналымының көлемі 8,3 млрд. теңге, индекс көлемі 103,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 7,6 млрд. теңге, индекс көлемі 100,5 пайызға орындалатын болады. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен бюджеттік қаражаттар 99,9%-ға игерілді, — деді Бегзат Болатбеков.

Сонымен қатар аудан басшысы ағымды жылы Ауқатты ауылы жаңа тұрғын үй алқабында ИКИ электр жүйесі, су құбыры, Үлкен Сұлутөр ауылына 90 орындық мәдениет үйі құрылысын жүргізуге жалпысы  2,3 млрд. теңгеге өтінім беріліп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ауыл келбетін ашып, тұрғындар тұрмысын тіктететін жобалардың іске асуы туралы баяндамада да нақты айтылды. Мәселен, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 715,1 млн. теңгеге 9 нысанның (ауылішілік жолдар) мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, қорытынды хаттамалары әзірленуде екен.

-Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына тоқталатын болсам, жалпы 26 нысан өтпелі, 4 нысан биыл жаңа құрылысын бастайтын болады. Әрине, кейбір құрылыс нысандары бойынша проблемалық мәселе бар, заң аясында шешімін табатын болады.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде 411 тұрғынға 2,3 млрд. теңге 2,5 пайызбен несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге 303 тұрғын жалпы 1,8 млрд теңге несиелерін алып жұмыстарын бастады. Қалған 108 тұрғынның құжаттары тапсырылып, СПК тарабынан жақын арада қаражаттарын алады деген жоспарымыз бар, — деді аудан әкімі.

Баяндама барысында Бегзат Болатбеков облыс әкімі тапсырмасына сәйкес 2024 жылға инвестициялық жаңа жобалар әзірленгендігін жеткізді. Мәселен, қазір ауданда «Central Asia Gold Production» ЖШС — құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша өндірістік кешенінің құрылысы, — жылына 5,8 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының құрылысын «Бай Нұр» ЖШС жүргізіп жатса, жылына 2,2 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының құрылысын «Куленов» ШҚ бастаған. «Қалдыбай тегі» ШҚ  жылына 2,5 мың тоннаға дейін көкеніс сақтайтын қойма құрылысын бастапты.

-Ауданда ірі жобаның бірі «KORCEM» ЖШС-нің цемент зауыты пилоттық жұмысын бастайтын болады, келесі жылға инвестициялық келісімге сәйкес ауданда 600-ге жуық тұрақты жұмыс орын ашылады. Қазіргі таңда ауданның жұмыспен қамту бөлімі, ауданның қоғамдық ұйымдарымен және зауыт басшыларымен бірге зауытқа қажетті мамандармен жұмысшылардың жасағын дайындау басталды, — деді аудан әкімі.

Баяндама барысында Бегзат Сейсенқұлұлы ауданның проблемалық мәселелеріне де тоқталып, оның ішінде  2023 жылы  ағын су тапшылығы туралы айтып өтіп, аталған мәселенің шешу жолдары бойынша бірнеше жоспар әзірленгенін айтып, «Қазсушар» мекемесімен бірлесіп жұмыс жүргізетін боламыз, деді.

Кеңес отырысынан кейін аудандық бөлім мен мекеме басшыларымен жиын өткізген аудан әкімі жауаптылар алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойып, бірлесе жұмыс атқару қажет екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.