2015 жылдан бері 15 маусым және 15 тамыз аралығында «Музейге сый тарту» атты акция жарияланып, жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталмыш акцияның басты мақсаты – аудан тұрғындарының қолындағы елеусіз жатқан тарихи маңызы зор, құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін жинақтап, кәсіби тұрғыда сақтау және көпшілік назарына ұсыну үшін аудандық музейге тапсыруға үндеу болды. Осы жылы да аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің өткен сандарында аталмыш акциия жарияланған болатын.
«Музейге сый тарту» акциясы жарияланған күннен бастап қандай да бір тарихи құндылығы бар жәдігерді музей қорына өткіземін деушілер қатары көбейе түсті. Мәселен, Қордай ауылының тұрғыны, 80 жастағы зейнеткер Галина Скороходова үйінде сақтаулы тұрған қаршығаның тұлыбын, ауданға танымал кәсіби әнші Балдат Бейсеқожа шамамен XI-XII ғғ. құйылған қыш құмыра тұтқасын, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ярослов Меженский Үлкен Сұлутөр ауылы маңынан табылған X-XII ғғ. жататын қыш құмыраны, ауыл тұрғыны Виктор Ильницкий дәнекерлеу лампасын, радиоқабылдағыштар, майшамдарды, ал Қарасу ауылының тұрғыны, танымал ағаш ұстасы Сергей Бурцев ағаштан ойылып жасалған қос шанышқы мен жүзікті музейге сыйға тарту етті. Құнды жәдігерлер музей экспозициясынан лайықты орындарын тапты. Ендеше, уақыт тереңінен тамшыдай жинақталған туған жердің тарихын айғақтайтын баға жетпес құнды заттарды музейге сыйға тартып, өлкеміздің тарихи мұраларын толықтыруға қосқан зор үлестері үшін акция қатысушыларына шын жүректен алғыс айтамыз.
Тарихымызды тануға, түгендеуге үлес қосқан тағылымды шара мұнымен аяқталмайды. Әулетіндегі мұраға қалған бұйымды өткізуге ықыласты жандарға музей есігі әрдайым ашық. Жыл соңында музейге сыйға тартылған жәдігерлерден арнайы көрме ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылатын болады.
Ә.Қызырова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері