«ЖӘРДЕМАҚЫ, ГРАНТ, ОҚУ КУРСТАРЫ». ЖҰМЫССЫЗДАР МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАНДАЙ КӨМЕК АЛА АЛАДЫ

Hiring people composition with flat human characters of job candidates with rating pictograms and indoor scenery vector illustration
0

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.

Жұмысы жоқ не жұмыссыз қалған азаматтар мемлекеттен қолдау алу үшін алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сонда ғана олар жұмыссыз қалғанда берілетін жәрдемақы алып, тегін қайта даярлау курстарын оқып немесе мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына тұра алады.

Осы орайда жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын қалай алуға болатынын хабарлаймыз.

№1. ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАНДАЙ КӨМЕК АЛА АЛАДЫ?

Жұмыссыз ретінде тіркелген адам мынадай қолдау шаралын ала алады:

— жұмыссыз қалғанда берілетін жәрдемақы;

— лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

— мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына жіберу: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, күміс жас;

— қайта даярлау курстарын оқу;

— кәсіптік оқыту;

— бастапқы бизнесті дамытуға арналған грант.

№2. ЖҰМЫССЫЗ РЕТІНДЕ ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕДІ?

Жұмыс іздеп жүрген адам жұмыссыз ретінде:

— тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында;

— enbek.kz порталында автоматты түрде тіркеледі.

Ең алдымен enbek.kz порталында жеке кабинет ашып, жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеліңіз. Содан соң бос жұмыс орындарына өтінім жіберіп, әңгімелесуге қатысыңыз. Жұмыс табылмаса үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Жұмыссыз ретінде сәтті тіркелгеннен кейін өзіңізге қажет жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын таңдаңыз.

Жұмыс істейтін азаматтар, зейнет жасындағылар, студенттер және жоғары сынып оқушылары жұмыссыз ретінде тіркелмейді.

№3. ЖӘРДЕМАҚЫҒА ҚАЛАЙ ӨТІНІШ БЕРЕДІ?

Жұмыссыз ретінде тіркелген соң жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақыға enbek.kz сайтында, eGov порталында онлайн, мансап орталығында немесе ХҚКО-да офлайн өтінім бере аласыз. Құжаттардан жеке куәлік пен өтініш қажет.

Жәрдемақы жұмыс өтіліне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін төленеді.

— жұмыс беруші 24 ай ішінде әлеуметтік сақтандыру қорына төлемдер жасаған ай сайынғы табысқа байланысты;

— барлық өтініш беруші үшін бірыңғай түзету коэффициентіне байланысты – 0,45;

— әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.

Жұмыс берушілер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын аударым жасамаса, қызметкер жәрдемақы талап ете алмайды.

№4. УАҚЫТША ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?

Мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына қатысу үшін мансап орталығына не еңбек биржасына жүгіну қажет.

— Қоғамдық жұмыс – мансап орталықтары ұйымдастыратын жұмыссыздарды уақытша қолдау шарасы. Қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін кәсіби білім қажет емес. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы кемінде 24 АЕК, 2025 жылы 94 368 теңгені құрайды. Студенттерге қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.

— Жастар практикасы – жастарға тәжірибе алу мақсатында ұйымдастырылатын уақытша жұмыс. Оқу бітіргеніне бес жыл болмаған және жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған колледждер мен ЖОО түлектері қатыса алады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК (2025 жылы – 117 960 теңге) мөлшерінде белгіленеді. Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса жастар практикасына қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.

— Алғашқы жұмыс орны – алғаш жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Оған жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жастар қатыса алады. Олардан алдын ала кәсіптік даярлық талап етілмейді. Жобаға қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жоба аяқталған соң жұмыс беруші жұмыссыз адамды кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы қажет. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. 18 ай аяқталғаннан кейін қалған 12 айда төленетін жалақыны жұмыс беруші белгілейді.

— Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыс беруші мен мансап орталығы бірлесіп құратын уақытша жұмыс орны. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Жалақының 35%-ын мемлекет субсидиялайды, бірақ оның сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспауы қажет. Қалған соманы жұмыс беруші төлейді. Ал ҮЕҰ құрған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдар үшін жалақының белгіленген мөлшерінің 70%-ын мемлекет өтейді. Оның да сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспайды.

— Ұрпақтар келісімшарты жобасы аясында зейнет жасына таяған қызметкерлер жастарға жинаған тәжірибесін және дағдыларын үйретеді. Сол үшін арнайы жұмыс орындары құрылады. Ұрпақтар келісімшартына қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны тұрақты жұмысқа алады немесе ол зейнет жасына толған қызметкерді алмастырады. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. Жобаға үш жыл бұрын оқу бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған түлектер қатыса алады.

— Күміс жас жобасы аясында зейнет жасына толмаған 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындары құрылады. Жобаға қатысу ұзақтығы 36 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін, сондай-ақ кемінде 1 жыл мерзімге зейнет жасына толмаған адамдар үшін тұрақты жұмыс ұсынады. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді. Бұл ретте мемлекет субсидиялайтын сома 30 АЕК мөлшерінен аспайды.

№5. ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСТАРЫНА ҚАЛАЙ ҚАТЫСАДЫ?

Жұмыссыз жүргендер, мамандық ауыстырғысы немесе біліктілігін арттырғысы келетіндер, колледж не ЖОО бітірмегендер skills.enbek.kz порталында қайтар даярлау курстарына қатыса алады. Сайтта білім алушы ретінде тіркеліп, курсты таңдап, өтініш беріңіз. Курсты көру үшін курсты таңдап, оның мазмұнымен танысу керек. Курстың сипаттамасы және ұзақтығы, сабақтар мен тапсырмалар саны, курс авторы және пайдаланушылардың пікірлері туралы ақпарат бар. Мұнда ақылы да, тегін де курстар бар. Тегін курсты таңдап, оның мазмұнын қарап шыққаннан кейін «тегін өту» түймесін басуып курсқа тіркеліңіз.

Бір уақытта бірнеше курсты қатар оқуға болады. Оқуды аяқтаған соң қорытынды тестілеуден сәтті өткендерге сертификат беріледі. Мансап орталықтары қайта даярлау курстарын тәмамдаған азаматтарға жұмыс табуға көмектеседі.

№6. БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ГРАНТҚА ҚАЛАЙ ӨТІНІШ БЕРЕДІ?

Жұмыссыз ретінде тіркелгендер және тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін мемлекеттен өтеусіз негізде грант ала алады. Грант алушы келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуға тиіс:

— Көпбалалы отбасылар;

— Қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;

— Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана;

— Қандас мәртебесі бар адамдар;

— Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

— Асыраушысынан айрылғандар;

— Еңбекке араласа алатын мүгедектігі бар адамдар.

Грант алғаннан кейін 12 ай ішінде грант алушы мансап орталығына есеп береді. Грант көлемі 400 АЕК (2025 жылы – 1 млн 572 мың теңге).

Өтініш беру үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет. Бизнес-жоспар құрып, грант алуға өтініш беріңіз.

№7. КӘСІПТІК ОҚЫТУДАН ӨТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Мансап орталығы жұмыссыз адамды жұмыс орнында кәсіптік оқытуға алты айға жібереді. Ай сайын жұмыс берушіге оқу ақысын төлейді, оның мөлшерін өңірлік комиссия белгілейді. Оқып жатқан адамға 20 АЕК (2025 жылы – 78 640 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді.  Оқуын бітірген соң жұмыссыз адам сол жерде кемінде бір жыл жұмыс істеуге тиіс.

Кәсіптік оқытудан өту үшін enbek.kz-те жеке кабинетте оқу мамандығы мен жұмыс берушіні таңдау қажет. Өтініш толтырып, қол қойып, сұхбаттасудан өтіңіз. Іріктеуден өтсеңіз өзара келісімшартқа қол қоясыз. Оқудан өткеніңіз жөнінде сертификат беріледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.