16-17 мамыр күндері толассыз жауған жауын салдарынан Қарасу ауылдық округінде орналасқан «Жамбыл су қоймалары» КММ-сі меншігіндегі «Майбұлақ» су қоймасының апатты су тастағышын 7-10 метр көлемінде су шайып кетті.
Су қоймасынан аққан су Қарасу-2 каналына барып, сол канал арқылы Шу өзеніне тасталды. Ауылдық елді мекендерді су басу қаупі орын алған жоқ. Автожол, көпір және аулаларды су басу деректері тіркелген жоқ.
«Майбұлақ» су қоймасының жобалық көлемі 0.3 млн. текше метрді құрайды. Бүгінгі күні жиналған су толымының көлемі 0,27 млн. текше метр, немесе 90%-ды құраған. Қазіргі уақытта жиналған су көлемі 30%-ды құрап отыр.
Оқиға орнына дереу жеткен аудан әкімі Бегзат Болатбеков су қоймасын, жалпы Қарасу ауылдық округінің аумағын тексерді.
Айта кетейік, оқиға орнына ТЖБ тарапынан 8 адам 2 техника, жергілікті атқарушы орган тарапынан 80 адам және 10 техника жұмылдырылды.
Жалпы аудан аумағында су тасқыны бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары аудан әкімінің жіті бақылауында. Бүгінгі күнге жағдай тұрақты.