«Адам өмірі – тұнып тұрған шежіре. Жақсының аты – тарих, артында қалған ізі – аманат». Осы бір сөздерде керемет мән мен мағына жатыр. Олай дейтініміз, кеше ғана ел алдында жарқырап жүрген ҚАЛЫШ ДӘРКЕНБАЙҰЛЫ МОЛДАЖАНОВТЫҢ бақилық болғанына да бір жыл толыпты. Еңбегімен ел алғысына бөленген азаматтың өмір жолына бір шолу жасауды жөн санадық.
Адам өмірі – даңғыл жол емес екені бесенеден белгілі. Ол – сан түрлі сүрлеуге бөлінген, кедір-бұдыры бар, тайғақты жерлерден тұратын, тағдырлы тоқсан жолдың тоғысынан тұрады. Сол жолдың әр бұрылысы, әр белесі – адам бойындағы жігер мен жомарттықтың, табандылық пен тазалықтың айғағы. Осындай өнегелі өмір сүрген азаматтың бірі – елінің шын жанашыры, халқына қалтқысыз қызмет еткен Қалыш Дәркенбайұлы Молдажанов еді.
Жазық даланың көгінде таң нұры шашырап, самал жел Қақпатас ауылының теректерін тербеткен 1958 жылдың көктемінде Қалыш Дәркенбайұлы дүниеге келді. Қарапайым, көпбалалы отбасында ержеткен бала жастайынан еңбек пен елгезектіктің, адалдық пен ақжүректіліктің не екенін біліп өсті. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілі дәл осындайда айтылса керек.
ЕҢБЕКТІҢ ҚАДІРІН ЕРТЕ ҰҚҚАН АЗАМАТ
Жастайынан көкірегі ояу, көзі ашық Қалыш Молдажанов балалық шағынан-ақ өзгелерден ерек болмысымен ерекшеленетін. Ол білімге құштар еді. Бұл құштарлық оны Қордайдағы Карл Маркс атындағы мектептен кейін Қарағанды кооператив институтына алып келді. Ел үшін қызмет етудің алғашқы баспалдағы – білім, ал әкеміз бұл жолда аянып қалған жоқ. Қабілетті, ізденімпаз, тиянақты болмысы оны көп ұзамай үздіктердің қатарына қосты.
«Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, туған топырағына қайта оралып, халықтың игілігі үшін еңбек ете бастады. Әуелі Қордай аудандық тұтынушылар одағында статист-экономист қызметінен бастап, бірнеше жылда сала басшылығына дейін көтерілді. Кеңес Одағының қиын-қыстау кезеңінде де салқынқанды сабырынан айнымай, кәсіби шеберлігімен көзге түсті.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қалыш Дәркенбайұлы тығырықтан шығар жолды таба білді. Кәсіпкерлікке бет бұрған ол нарықтың қыр-сырын меңгеріп, тың бастамаларымен дараланды. Өз қаражаты мен қажыры арқылы «Элемир» ЖШС-ін құрып, жанар-жағармай тасымалы, ауыл шаруашылығына қажетті өнімдермен қамтамасыз ету ісін жолға қойды.
Қазақ «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» дейді. Қалыш Дәркенбайұлы өмір парқын терең түсінген, оны тек материалдық емес, рухани игілікпен өлшеген жан еді. Жанашырлық пен қайырымдылық – оның өмірлік ұстанымына айналды. Көпке көмектесу, мұқтаждың қолынан ұстау – жүрегінің қалауы болатын. Ол салған әрбір сара жолдың артында бір тағдыр, бір алғыс, бір үміт бар.
Жақсының шапағаты елге тарайды. Қалыш Дәркенбайұлының еңбегі еленіп, ол Қордай аудандық және Жамбыл облыстық мәслихаттарының депутаты болып сайланды. Бұл – тек саяси мәртебе емес, халқының сенімі, елдің аманаты еді. Әр мінберден тек шындықты, тек халықтың мұңын айтты. Оның бастамасымен көптеген әлеуметтік жобалар іске асты.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Қалыш Молдажанов – Қордай ауданының «Құрметті азаматы» атанды. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «25 жыл», «Мәслихаттарға 20 жыл» медальдерімен марапатталуы – елдің оған деген құрметінің белгісі.
ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Адамның шынайы бейнесі оның отбасында көрінеді. Қалыш Дәркенбайұлы өмірлік серігі Кенжекүл Түменбайқызымен бірге тату да берекелі отбасы құрды. Екі ұл өсіріп, олардың бойына отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттерін дарытты. Немерелерінің шат күлкісімен шаттанып, шаңырақтың шуағы бола білді.
Тағдыр салған ауыр сынақтарға мойымаған ол бала күнінен ерте есейді. Әулеттің тірегіне, ананың сүйенішіне, бауырдың қорғанына айналды. Оның өнегелі өмірі – тектіліктің, сабыр мен сананың, мәрттік пен мейірімділіктің үлгісі.
«Ол әрдайым балаға қамқор, немерелеріне жанашыр жан еді. Ұрпағының тек білім алып қана қоймай, өнер мен мәдениетті бойына сіңіріп, жан-жақты жетілуін өмірлік парызы санады. Әсіресе, немерелерінің музыка үйренуіне ерекше көңіл бөлді. «Өнерлі өрге жүзер» деп, олардың домбыра тартуына, шахмат ойнауына, спортпен айналысуына жағдай жасап, әр жетістігіне шын қуанып отыратын. Немерелермен шахмат ойнауы өзінше бір шаттығы ерекше көрініс еді. Сол арқылы ол балаларына рухани байлықты да аманаттап кетті», — дейді жан жары Кенжекүл Түменбайқызы.
Расында, Қалыш Дәркенбайұлының адами келбеті жайлы сөз қозғағанда, жақын-жуық, ауыл-аймағы оның кісілік болмысын, мәрттігін, сабырлы мінезі мен кең пейілін ерекше ілтипатпен еске алады.
«Әкеміз – сөзге тоқтай білетін, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білген адам. Ол кісінің қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі оны көптің көңілінен шығарды. Әрқашан біреудің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүретін. Адам баласына тек жақсылық ойлайтын таза жүректі жан еді. Балалары мен немерелері де оның еңбекқорлығын, турашылдығын, әр іске әділ қарап, әркімнің жайын түсінуге тырысатын ақылгөй қасиетін мақтанышпен айтып отырады. Оның өнегелі өмірі, адамгершілік қасиеті – кейінгі ұрпағына қалдырған баға жетпес мұра», — дейді балалары.
Қалыш Дәркенбайұлы – тек дүние ісімен шектелмеген, жүрек тазаруына да ерекше мән берген тұлға еді. Ол Мекке мен Мәдинаға кіші қажылық жасап, Алланың разылығын іздеген. Бұл сапар – рухани биіктікке ұмтылған жүректің лүпілі, жан тыныштығына жеткен жанның сағынышы.
«Қажы – елінің рухани шамшырағы» дейді қазақ. Ол сапардан оралған соң, өмірге деген көзқарасы тереңдей түсті. Жаратқанға жалбарынып, жұртқа жақсылық тілеуді серік етті.
Бүгінде Қалыш Дәркенбайұлының жарқын бейнесі – сағынышқа, ал жасаған ісі – өнегеге айналды. Артында қалған ұрпағы – оның үміті, жақындарының естелігі – оның мәңгілік мұрасы.
«Жақсы адам – жарық жұлдыз». Ол өмірден өтсе де, нұры сөнбейді.
Қалыш Дәркенбайұлы – тірісінде-ақ елі үшін елеулі еңбек еткен, адамгершілік пен ар-ұяттың асыл үлгісін көрсеткен абзал азаматтың 20 сәуірде жылдық асы берілгелі отыр. Ниет қабыл болсын. Оның есімі ел есінде, жүректе, жерлестер жадында мәңгілік қалды.
Жандос ОМАРОВ