Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан.
Бірде Альберт Эйнштейннен: «Балаларымызды ақылды ету үшін не істей аламыз?» деп сұрағанда, ол: «Егер балаларыңыз ақылды болсын десеңіздер, оларға ертегілер оқыңыздар. Ал одан да ақылды болсын десеңіздер, одан да көп ертегілер оқыңыздар», – деп жауап берген екен. Ол оқудың және қиялдың құндылығын түсінген.
Биылғы жылды Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» деп жарияланғаннан кейін, Қордай ауданының тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік.
Мәселен, киім дүкені бар Айда Аманжол әртүрлі жанрдағы кітаптарға арналған екі шкафты орналастырыпты.
– Кітаптарды сату идеясы маған кездейсоқ келді. Бала кезімнен кітап оқуды қатты жақсы көрдім, сол себепті анам маған үнемі кітап сатып алып беретін. Бір күні үйде кітаптарымыздың саны тым көбейіп кеткендіктен мен оларды дүкенімде сата бастадым. Екі сағат ішінде барлық кітапты сатып жібергеніме қатты таңғалдым. Кейіннен адамдар кітап сұрап келіп жүрді, сол кезде тапсырыспен әкелуді шештім, – деп бөлісті Айда Жанібекқызы.
Оның айтуынша, классикалық жанрдағы кітаптар, психология, романдар, ертегілер және балаларға арналған дамыту кітаптарға деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар, оның «кітап бизнесі» негізінен жасөспірімдер мен жастардың арқасында дамып отырғанын айтты.
Келесі кезекте біз Қордай ауылының әртүрлі жастағы және түрлі мамандықтағы 30 тұрғынынның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың 11-і кітап оқуды ұнататындарын және жиі оқитындарын айтты. Ал қалған 19-ы кітаптарды жақсы көріп, оқуға құлшыныстары болғанымен, уақыт таппайтындарын жеткізді.
Оқырмандардың бірі, колледждің 3-курс студенті Аскербек Аружан:
– Кітап оқуды хоббиім деп санаймын. Негізінен психология тақырыбындағы кітаптарды оқимын. Кейде үйде емес, таза ауада орындыққа отырып, әдебиет оқуды сүйемін. Қазіргі таңда «Өзіңе нәзіктікпен» атты кітапты оқып жатырмын. Литература арқылы көптеген пайдалы әрі қызықты мәліметтер алуға болады деп есептеймін. Кітапсыз өмірімді елестете алмаймын, – деп бөлісті.
Сондай-ақ, кітапсүйерлерді қуантатын тағы бір жаңалық – кейбір кафелерде әртүрлі әдебиеттерден тұратын сөрелердің орнатылуы. Кітап оқумен қатар кофе ішуді ұнататындар осындай жылы, әрі жайлы мекемелерге барып, сүйікті кітаптарын оқи алады.
Атақты ақын Франческо Петрарка кітаптарды адамның нағыз досы деп атаған. Ал Лев Толстой: «Кітаптар арқылы біз күн сайын әлемнің ең дана адамдарымен тілдесе аламыз» деген.
Қорытындылай келе, кітап оқу немесе оқымау – әр адамның құқығы. Алайда, кітап оқу арқылы біз әлемді танып, қиялымызға қанат бітіреміз.
Мадина Узбекова