Биыл Қарасай ауылдық округінде шаруалар егін егу науқанына жақсы дайындықпен келді. Техника сақадай сай, тыңайтқыш пен тұқым жеткілікті көлемде. Механизаторлардың егіс даласындағы қызу тірлігі басталған. Егіннің қаншалықты мол болатыны, мал азығымен қамтамасыз етілуі осыған байланысты.
Алғашқылардан болып «Салтанат» және «Ынтымақ» шаруа қожалықтарының техникалары дала жұмыстарын бастап кеткен. «Салтанат» ШҚ басшысы Ерлан Аманбаевтың айтуынша, осыдан бір апта бұрын жер жырту жұмысын аяқтаған, тұқым себуді енді қолға алатын болады. Мұнда шаруашылық негізінен мал шаруашылығына ден қойып отыр. Жылқы, мүйізді ірі-қара, ұсақ мал бағылады. Алынған арпа дақылы шаруа шаруашылығының қажеттіліктеріне пайдаланылады.
— 20 гектарға «Бәйшешек» тұқымды арпа, 25 гектарға жоңышқа егуіміз керек. Биылғы ылғал қоры жеткілікті және мол өнім аламыз деген үміт зор, — дейді «Ынтымақ» ШҚ басшысы Ердос Чукеев.
Барлық агротехникалық шаралардың сақталуы шаруашылыққа соңғы жылдары егілген егістіктердің өнімділігі бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қожалық 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді, яғни салыстырып қарасақ, нәтиже бар. Мәселен, өткен жылы арпаның әр гектарынан 32 центнерден өнім алынған. Өнімділік жақсы. Биылғы көрсеткіштер былтырғыдан төмен болмайды деп күтілуде.
Жасыратыны жоқ, жақсы өнім алуда тұқым үлкен рөл атқарады. Тұқым қоры «Ынтымақ» шаруа қожалығында толық, 100% кондицияланған. Мұнда егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысады.
Мал шаруашылығы демекші, Қарасай ауылында қазір «қой қоздатып, қорада шу» болған сақман қызған шақ. Мал төлдету науқанын ойдағыдай орындап жатқандар қатарында «Арай» шаруа қожалығы да бар. 300 бас «Еділбай» тұқымдас қойдан 300 бас қозы аламыз деп отыр. Кішкентай ауыл балалары үлкендерге көмекке келіп, сабақтан бос уақытын осында өткізеді екен. Шаруа қожалығы өкілдерінің айтуынша, мал шаруашылығымен қатар 20 гектарға арпа сеуіп, 5 гектардан жоңышқа алу да биыл жоспарда бар екен.
Ендеше, істеріне сәттілік тілейміз.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА