ЖАҚСЫЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН ҒҰМЫР

0

Соғыс басталған жылы Тілепалды Жаманкөзұлы Георгиевкадағы Абай атындағы орта мектепте сегізіншіде оқып жүрген екен. Туған ауылы – Шарбақтыда жеті сыныптан соң мектеп жоқ, орта білімді тек аудан орталығында жалғастыратын кез. Күзде он сегіз жасқа толған ол бірнеше сыныптастарымен бірге әскери комиссариатқа шақырылады. Қолдарына шақыру қағазы беріліп, тура Жаңа жылдың алдында әскерге алынады. Содан Ферганада үш айлық әскери дайындықтан өткен соң, батысқа – майдан шебіне жіберіледі. Қызыл Тулы 389-шы мотоатқыштар полкінде автоматшы болып Сталинград майданына, Белоруссияны, Украинаны азат ету ұрыстарына қатысады. 1943 жылы арқасына жарықшақ тиіп жараланды да, аурухана төсегінен тұрып үлгерместен қолына қайта қару алды.

Жеңіс күнін Солтүстік Кавказда шекара тыныштығын қорғау күзетінде қарсы алды. Ол осы жерде тағы төрт жыл әскери қызметте болды. Соғысқа кеткен ұлын күтумен сарғайған ауылдағы әкесі ақыры төзімі таусылып, ұлын қайтаруын сұрап, Сталинге хат жолдайды. Осы хат себеп болды ма, жоқ па – әйтеуір 1949 жылы мамыр айында Тілепалды омырауында «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары сыңғырлап, туған үйінің табалдырығын аттайды.

Сол жылы күзде ауылдағы балкар қызы Любамен отау құрады. Ал қыздың бұған дейінгі тағдыры жан ауыртар хикая еді. Сұрапыл соғыс балалық шағын ойран етіп, ата-анасынан, туыстарынан, тіпті туған жерінен айырылып, он үш жасында тетелес бауыры екеуі депортацияланғандар эшелонымен Қазақстаннан бір-ақ шықты.

Олар Кабардин-балкарлардың орталығы Нальчикке таяу Гунделен деген селода тұратын. Әкесі Асхат аудандық НКВД-ның бастығы еді, соғыстың алғашқы күні майданға алынып содан қайта көрмеді. Бұларға бас-көз болып жүрген немере ағасы Исмаил болса, Солтүстік Кавказды немістер басып алғанда партизандар отрядына барып қосылады. Бірақ, олар жау қолына түсіп қалып, немістер өз көрлерін өздеріне қаздырып алып, бәрін ордың шетіне тұрғызып қырып салады. Ел ішінен шыққан сатқындардың кесірінен талай асыл азаматтар осылай атылып кетеді. Көп ұзамай кеңес әскерлері өңірді жаудан тазартады.

1944 жылы 6 наурызда шұғыл түрде бүкіл халықты шығысқа қоныс аудартады. Қаршадай Люба бір жұмыстармен сол кезде үйден шығып кеткен анасы мен сіңлісін де көре алмай қалады. Он бес жасар ағасы Хаджы екеуін жұртпен бірге пойызға тиеп, бұрын естіп-білмеген алыс қиырларға ала жөнеледі. Алпыс вагондық эшелон толы кавказдықтар қазақ жерінің шетіне ілінгеннен жол-жөнекей стансаларға түсіріліп, соңы сонау Талдықорғанға дейін өтеді. Люба мен бауыры Алматыда интернатқа қабылданып, жастай белдері қайысып қала іргесіндегі көкөніс совхозында жұмысқа жегіледі. Арада үш жыл өткенде бұрынғы Красногор ауданының Шарбақты жағында орныққан жамағайындары табылып, соларды сағалап келіп осында табан тіреп қалған екен. Бұл кезде есейіп, қара жұмыста ысылып қалған ағасы Хаджы Бичекуев колхозда тракторшы, есепші болып еңбекке араласады. Люба да бірде – қырманда, бірде егінжайда қолдан келген шаруаны істейтін жасқа жетіп еді. Ауылдастарын тапқанымен анасын көру бақыты бұйырмады оларға. Бәлкім, көрер де еді, егер анасы мен сіңлісі де іле-шала өздерінен кейінгі эшелонмен Фрунзеге келіп түсіп, одан Ош жағына қоныс аударылғанын сол кезде білгенде. Тек арада он үш жыл өткеннен кейін ғана білді мұны. 1957 жылы сіңлісі Мәриямды іздеп табады. Орны толмас өкініші сол, анасы Зейнеп дүниеден өткен екен. Бұлардың өмірден бар-жоғын біле алмастан қайғы жұтқан күйде 1946 жылы-ақ көз жұмыпты. Ал, әкесі Асхаттың дерегі сол күйі табылған жоқ.

Тілепалды қан майданнан оралған соң туған жерінде тер төгіп, еңбек етті. «Шарбақты» колхозында бөлімше агрономы, есепші болды, шөп шапты, сиыр бақты. Бірінің соңынан бірі балқұрақтай жетіліп балалары өсіп келе жатты. Өздерінің жастық шағы соғыс зобалаңына тұспа-тұс келген Тілепалды мен Люба балаларының бақытын аңсады. Өздері қиналса да, балаларын қатардан кем қылмаудан, оқытудан аянып қалмаған болатын.  Шүкір, тоғыз баласы да – бір-бір мамандықтың иесі болды, бірі – инженер-құрылысшы, бірі – бухгалтер, бірі – мұғалім дегендей… Биыл 75 жасқа келетін тұңғыштары Жамбыл «Құрметті құрылысшы». Алматыдағы 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі, Оқушылар сарайы, Спорт кешені тәрізді ірі құрылыстарға қатысқан.  Ал, қара шаңырақтағы кенжесі Бейқұт еңбек жолын туған ауылында мұғалім болып бастап, мектеп директоры, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін абыроймен атқарған, бүгінгі күні аудандық мәслихаттың депутаты, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы қызметінде. Ұлдарының барлығы да майдангер әкенің жолымен Отан алдындағы борыштарын өтеген, біреуі – подполковник, төртеуі –майор.  Сексеннен аса немере-шөбере, шөпшектері де өркен жайып келеді. Жеті немересінің офицерлік шендері бар, мемлекеттік қызметте, құрылыс, қаржы, медицина, педагогика және кәсіпкерлік салаларда еңбекке араласуда. Люба әжей соғыста өлген әкесінің ең болмаса аты қалсыншы деп немерелерінің біріне Асхат есімін берген еді, бүгінде ол да үлкен азамат, каратеден спорт шебері, биыл заңгер мамандығымен жоғары оқу орнын аяқтамақшы.

Тілепалды Жаманкөзұлы мен Любовь Асхатқызы өздерінің қиыншылықпен өріліп келіп, жақсылыққа ұласқан өмірлеріне риза кейіпте жүріп, кейінгі жылдары бақилық болған-ды. Соңында есімдерін қастер тұтатын ұрпағы бар адамдар екі дүниеде де бақытты демей ме?!

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.