ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

0

Адам баласының ғұмыры қысқа болғанымен, өнегелі істер қалдырып, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі, бауырым Дүйсен Сатышев.

 

Әңгімені әріден бастасам, тірісінде көпке сыйлы бола білген ұлағатты ұстаз Дүйсен Сәбетбекұлы 1970 жылдың 28 қаңтарында Алға ауылындағы қарапайым шопанның отбасында дүниеге келген. Асқар тау әкеміз Сатышев Сәбетбек саналы ғұмырын мал шаруашылығын өркендетуге арнаған адам. Ал анамыз Жанат Қожаханқызы жазда – жайлауда, қыста – қыстауда әкемізге көмекші бола білген, алты перзентті өмірге алып келген аяулы жан. Осы естелік мақаламды жазуға отырған сәттен, інім Дүйсеннің өмір жолы мен жетістіктері туралы айтуым өте орынды және қажет деп есептедім. 1987 жылы Алға ауылындағы №34 М.Смағұлов атындағы орта мектебін жақсы деген бағаға тәмамдаған Дүйсен Сәбетбекұлы 1990 жылы Алматы қаласы, Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне білімгер болып қабылданып, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Әрмен қарай, институт қабырғасын аяқтаған соң, өзі туып өскен ауылдағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер», – дейді дана қазақ. Қиын да қызықшылығы мол ұстаздық еткен жылдарында түрлі қызметтік сатылардан өтті. Ол қатардағы мұғалімдіктен бастап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ұжымды басқарудың зор үлгісін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, көргені мен көңілге түйгені көп ұстаз-басшының өткен өмір белестері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі бәрі ұстаздан білім алған.  Адамды бай қылатын – дүние-мүлкі мен ақшасы емес, оны бай-қуатты ететін – аппақ пейілі мен адал көңілі, үлгілі еңбегі мен иманды ісі. Жүрген жері жеңіске, жеміске, абыройға толы Дүйсекеңнің басқалардан бөле-жара білетініміз – кісіні сыйлай да сыйлата білетін қасиеті еді. Оның тағы бір қасиеті – ақын Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың барлық жырын жатқа білетін, кез келген өлеңін бастасаң, жалғап көсіле кететін. Міне, мұны әдебиетке деген махаббаты мен шексіз құрметі деуге болады.

2014 жылы қырқүйек айында жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, сондай-ақ, аракідік мұғалімдер жиналысын өткізіп, жұмысын жүргізіп жатты.  Тағдырдың жазуына не шара? Арада айлар өтіп, желтоқсан айында денсаулығындағы кінәратымен алысқан бауырым, небәрі 44 жасында жарық дүниемен қош айтысты. 2014 жылы тамыз айында әулетіміздің тірегі, асқар таудай әкемізден айырылып, жаратушы иемізден ата-анамыздан қалған ұрпақтарымызға ұзақ ғұмыр бере гөр деп сұрап жүрген кезімізде, арада үш жарым айдан кейін бауырым Дүйсеннен көз жазып қалдық. Артында жұбайы және төрт баласы қалды.

 Осылай, ауылдағы қара шаңырақта үш жарым айдың ішінде екі жаназа шығарылды. Елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған бәріміз дүниенің түбіне жете алмайтындығымызды ұғынып, Алланың сүйген құлдарына берген сынағы деп қабылдадық. Келесі, жүрегімнен шыққан жыр шумақтарын, қапыда кеткен бауырыма арнаймын.

 

Дүйсеке, келер едің елу бес жасқа,

Күйзеліп қарап тұрмыз мәр-мәр тасқа.

Алланың жазуына амал қанша?

Көздеріміз күндіз-түні толды-ау жасқа!

 

Бауырым толар едің елу беске,

Жарқырап жүрген кезің бәрі есте.

Кеше ғана бір жүрген кездеріміз,

Айналып қалғандай ма құр елеске?

 

Түс көргендей боп кетті барлығы да,

Бас иеміз Алланың жарлығына.

Аман болсын отбасың, бауырларың,

Шыдармыз қызығы мен қорлығына.

 

Дүйсеке, елу бес жасқа толар едің,

Ұйытқысы ұжымыңның болар едің.

Қызмет қылып жаңа мектеп аясында,

Сан биікке талай қол созар едің.

 

Көптеген армандарың өшті-ау жаным!

Өлеңмен өзіңді аңсап еске алғаным.

Дүйсеке, елу бес жас тойыңа кел,

Дайын тұр бауырсақ пен бесбармағың!

 

Дүйсеке, ғұмыр жасың қысқа болды,

Туған күн «жаназаң» да қыста болды.

Үш айда айырылдық «екі жаннан»,

Сынаққа алып, Алла қыспа енді.

 

Дүйсен жаным, аяулы едің, текті едің,

Көтерем деуші-ең Алғаның жаңа мектебін.

Жанға батты үш ай салып араға,

Әкешімнің артынан қалмай кеткенің.

 

Жұмақ болсын бауырым жатқан жерің,

Қош бол енді, дара туған асыл ерім!

Өзіңді еңбегіңді ұмытпайды,

Ұжымың, туған-туыс, қалың елің!

 

  Бейсен САТЫШЕВ,  сағынышпен еске алушы

   Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.