«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ»

0

Тоғыз жолдың торабында, Жамбыл жерінің оңтүстік-шығысында жайғасқан Қордай ауданында

Дүкенбай Рысбекұлы Сегізбаевты көпшілік жақсы таниды. Қимылы ширақ, әрдайым ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып, қандай да бір маңызды шараның қақ ортасында жүретін жан. Бүгінде де жасы 70-ке келсе де Қордай аудандық Ардагерлер кеңесінде төрағаның орынбасары болып жүр.

 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген атам қазақ. Мерейтой алдында мұндай адам туралы жазу шарт деп ойлаймын. Д.Сегізбаевтың  өмірі өте қызықты әрі мағыналы, көпке үлгі боларлықтай, десем артық айтқандық болмас.

Кейіпкеріміз 1954 жылы 7 мамырда Қордай ауданы құрамына кірген бұрынғы Красногор ауданы, Красногор (бүгінгі Сұлутөр) ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы мектепті бітіріп, Алматыдағы №46 ГПТУ-ді «ағаш ұстасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Отан алдындағы борышын Амур облысында атқарып келген білімпаз жас Дүкенбай С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетің алдымен дайындық бөлімінде, одан кейін факультеттің өзінде оқып, «журналист» мамандығын алып шықты. Еңбек жолы 1980 жылы Красногор ауданындағы «Коммунизм жолы» газетінде басталған. Сол газетте бірнеше жыл еңбек еткен жас әрі білімді маманды Красногор аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы етіп қабыл алады. Одан тағы газетте бірнеше жыл еңбектеніп, Қордай ауданындағы Зауыт ауылдың кеңесінде атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, болашағынан үміт күттірер білікті маман 1989 жылы Алматыға Жоғары партия мектебіне жолданады.

Содан 1991-1993 жылдары Қордай аудандық атқару комитетінде қос тілділік жөніндегі референт, 1993-1996 жылдары аудандық мәслихаттың қос тілділік жөніндегі референті қызметтерін атқарған. 1996-1998 жылдары аудан әкімі аппаратының аға консультанты, ұйымдастыру және кадрлық жұмысының бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1998-2000 жылдары жастар жөніндегі туризм және спорт жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, әбден ысылады. 2004 жылы Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне меңгеруші болып тағайындалып, жеті жыл қызмет еткен. Ал 2011-2015 жылдары «Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директоры болып еңбек еткен тұстағы Дүкеңнің аудандық музейдің жұмысын жандандырып, киелі мекен тарихының жауһар жәдігерлерін жинақтап, сақтап қалудағы еңбегі зор болғанын ерекше атап өту керек. Осы мекемеде еңбектеніп жүріп құрметті демалысқа шықты.

…Бір қызықты мәліметті келтірсем деп едім. «Қордай шамшырағы» газетінің 1969  жылғы сандарының бірінде тілші Шаймұхамбет Алқамбаевтың Дүкештің өміріндегі хикая жайлы мақаласы түскен-ді. «Белес» деп аталған мақала кейіпкерлері Киров атындағы колхоздың аға шопаны Рысбек Сегізбаев пен оның он бес жасар ұлы Дүкенбай.

«Рекең Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдарын қой соңында өткізіп, табысты нәтижелерге жетіп жүрген озат шопан болатын. Ал мақалаға өзек болған жай – нақ жаңа жыл түні оның бір отар қойымен және он бес жасар баласымен боранда адасып, үш тәулік бойы табиғат дүлейімен арпалысуы еді.

Әйгілі алпыс сегіздің «ақ мылтық» аталған алапат қысын көпшілік ұмыта қоймаған болар. Сол жылдың соңғы күнінде әдетінше отарын ұзата жайып шыққан Рекеңнің ойында қауіп жоқ еді. Күн ашық болатын, қасында қысқы каникулға шығып, кеше ғана ауылдан келген ұлы Дүкенбай. Күн кештетіп те қалған. Енді мақаланың өзін оқып көрелік: «Әп-сәтте алай-түлей боран соқты. Ысқырған боран, үскірік аяз денені қарып барады. Бала тоңа бастады. Енді кешіксе үсік өз дегенін істемекші. Араласқан ой үстінде «Дүкешті неге ертіп шықтым екен. Өлімге өз қолынан апарып берді деген осы ма? Қыршын жас не көрдім деп кетеді» дейді.

Жылға бергісіз қауіпті түн де өте шығады ақыры. Бірақ көк тұманнан қарға адым жер көрінбейді. Боран әлі басылар емес. Баласы мен қойдың амандығына мың мәрте Құдайға тәубе келтіріп Рысбек қария қайтадан жолға жиналады. Тым болмаса бір ескі қора, шөп маясы кезігер деп үміттенеді. Ұзақты күн тағы боранмен арпаласып жүріп, күн кештете бір қыстаудың үстінен шығады ғой. Бұл кезде өздері әбден суық сорып, ашығып әлсіреген. Әсіресе қарғадай Дүкешінің халі ауыр. Көршілес калининдік шопан Аппақ Ахметов әбден қалжыраған бұларды көргенде шошып кетеді. Жалма-жан Дүкенбайды аттан түсіріп, бас-аяғын ысқылап, тамақтандырады. Малдарын қайырысып өз қораларынан жылы орын береді. Бұл кезде отарымен боранда ығып кеткен шопанын кировтықтар да тұс-тұстан іздестіріп жатқан-ды. Атпен, машинамен, трактормен тайлы-тұяғы қалмай із кесіп, жан-жаққа хабар салынған. Ақыры үшінші тәулік дегенде «Аппақ қыстауы» деген жерде ығып келіп аман-есен паналап жатқанда үстінен шығады».

…Бүгінде бұл мақаланың авторы да, жазылған хикаяға өзек болған шопан да қазір өмірде жоқ. Ал әлгі он бес жасар Дүкеш – Дүкенбай Сегізбаев болса ер азаматтық асудан өтіп жетпіс жасқа келіп отыр. Тіл басқармасының басшысы бола жүріп ономастикалық мәселелермен шұғылданып, аудандағы елді мекендер мен көшелердің сірескен кеңестік атауларын заман талабына сай өзгертуге белсене атсалысқан ол «Қордайдың жер-су атаулары», «Дала перзенті» кітаптарын да жазып шығарды. Бүгінде ол басылымдар аудан кітапханаларында сақталып, таптырмас құнды дүниелерге айналған.

Осы тұста бір айта кетерлігі, Д.Сегізбаев өзінің 2011 жылы жарық көрген «Қордайдың жер-су атаулары» кітабында жер атауларындағы хоронимдер, ойконимдер, гидронимдер, оронимдер мен өзге де жер атауларын тереңнен зерттеп, зерделеп, болашақ ұрпақ үшін құнды мәліметтер жазды. Басылымға аңыз-әңгімелер де енген.

«Қазақстан Журналистер одағының» мүшесі журналистік және мемлекеттік қызметтегі жетістіктері Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен атап өтілген. Сонымен қатар, «Еңбек даңқы» төсбелгісі, «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.

Дүкенбай Рысбекұлы еңбектегі және қоғамдағы жетістіктерімен қатар, сүйікті жар, қамқор әке. Өмірлік жары Қарлығаш екеуі ұл, қыз өсіріп, бүгінде он шақты немеренің қамқоршысы болып отыр. Бүгінде тұңғышы Бауыржан мен қызы Ләззат бір-бір отау иелері болып отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әке тәрбиесін молынан сіңірген ұл-қызы өмірде өз орнын тауып, адал еңбектеніп келеді. Демек, өмір қызығы әлі алда!

 

Анжела ИЗАЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.