Күллі әлемді жоқтан бар еткен, жаратылыстың ішкі және сыртқы сырын толық білген Алла Тағала Исламды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арқылы адамдар мен жындарға рақым етіп жіберді. Алла Тағала Құранда Ислам діні жайында былай дейді: «Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым» («Мәида» сүресі, 3-аят).
Асыл дініміз адамдардың бір біріне мейірімді, кешірімді, қайырымды болғанын қалайды. Алланың үкімдерін орындап, соған сай амал жасағандар бұл дүниеде де, ақыретте де мол бақытқа кенеледі. Ақиқатында Алла Тағалаға жақындататын себептің бірі – адамдарға көмектесу, жылы сөзін арнау, игілік жолында мал жұмсау. Раббымыз Алла Тағала өз дүниесін жақсылыққа жұмсаған адамның мал-мүлкіне береке беріп, отбасына мағыналы өмір сыйлайды. Себебі өзгеге жәрдем берген кісінің өмірі мағыналы болады. Алла Тағала Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», – деген («Сәбә» сүресі, 39-аят).
Асыл дініміз барша жаратылысқа мейірім мен рақым жасауды, адамдардың мұқтажына ортақтасуды баршамызға міндеттеген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау», – деген хадисі бар.
Сонымен қатар еңбек еткендерге, қайырымдылық жолында атсалысқандарға мына хадис зор сүйінші береді: «Кімде-кім бір мүминнің дүниедегі қиындығының бірін шешсе, Алла Тағала Қиямет күнінде оның қиындығының бірін шешеді (жеңілдетеді). Кімде-кім қиналғанға жеңілдік көрсетсе, Алла Тағала да оған дүниеде және ақыретте жеңілдік көрсетеді. Кімде-кім бір мұсылманның айып-кемшілігін жасырса, Алла Тағала да оның дүниедегі және ақыреттегі айып-кемшілігін жасырады».
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Сауапты көктен іздеудің қажеті жоқ. Айналамызда сауапқа жетелейтін амалдар өте көп. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – қайырлы іс.
Мұсылман бауырымыздың көңілін көтеріп, үміт сыйлау, ең болмағанда оған жымиып қараудың өзі – сауап. Қазіргі таңда елімізде көптеген қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде «Мектепке жол» акциясын атауға болады. Аталған акция аясында көпбалалы, жалғызбасты, басқа да мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға сабаққа қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестіріледі. Сол арқылы баланың көңіліне жылу сыйлайды. Сондай-ақ Ораза айт, Құрбан айт кездерінде көмекке мұқтаж отбасыларға айттық, құрбандық таратылады. Бұл да – үлкен көмек. Қарттар, жетімдер үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға моралдық әрі материалдық тұрғыдан қолдау көрсету жыл бойы жүзеге асып келеді. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен, демеуші азаматтардың көмегімен баспанаға аса мұқтаж отбасына пәтер кілті табысталуда. Мұның бәрі де – қайырымдылықтың жарқын үлгілері. Қазіргі таңда қайырымдылыққа қарапайым жандардың да атсалысып жатқаны қуантады. Аллаға шүкір, бүгінде мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат, бес парыздың бірі зекет беретін жандардың қатары көбейіп келеді. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер», – деген сөзін басшылыққа алып, қаншама отбасыға қуаныш сыйлауда.
Халқымызда «Ер қолында мал тұрмайды, Елек ішінде су тұрмайды» деген жақсы сөз бар. Бүгінде кейбір жомарт жігіттер өзінің туып-өскен ауылына мешіт, медресе, спорт кешені, балабақша, көпір, жол салып беріп, жағдайы жоқ отбасыларға, жетім-жесірлерге баспана, басқа да дүниелер алып беріп, халықтың ықыласына бөленуде. Әрбір азамат елдің игілігі үшін осылайша қолдан келген көмегін көрсетсе, біздің қоғам жан-жақты дамитыны сөзсіз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің сан-салалы қызметі аясында негізгі бес бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беруде. Соның бірі – ізгі қоғам. Анығында ізгі қоғам адамдардың бір біріне деген адамдығы, жомарттығы, қайырымдылығынан басталады.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Мұнара» газетінде жариялаған «Ізгі қоғамның алғышарты – құдайдан қорқу» мақаласында: «Біз ұрпағымыздың ізгі қоғамда өсуін қалаймыз. Жемістің өсіп шығатын бұтағы, бұтаққа нәр беретін тамыры болғанындай, ізгі қоғамның алғышарты – Құдайдан қорқу. Құран Кәрімде «(Уа, мүминдер) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) – азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли Имран» сүресі, 104-аят) деген аят бар. Аталған аятта ізгі қоғамның қалыптасуына қажетті басты себеп айтылуда. Бұл аят қоғамға бағыт-бағдар беретін, сөзімен және ісімен ізгілікте үлгі болатын жақсы топтың болуын меңзеп отыр. Ол топ сіз бен біз деп санаймын», – деп жазған болатын.
Шынында, ізгілік, жақсылық, қайырымдылық жасап, ізгі қоғам ортануға баршамыз атсалысуымыз қажет деген ойдамын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде мұсылман үмбетіне: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар», – деп өсиет қалдырған болатын. Осы өсиетті берік ұстану – бізге міндет.
Дастан ЖЕЛЕУОВ, РАНТ мүшесі