ЖАҢА ҒИМАРАТ БОЙ КӨТЕРЕДІ

0

Сәрсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылындағы «Батыс» ықшам ауданында салынуы жоспарланған жаңа сот ғимаратының жобасымен танысты. Аудан әкімінің назарына құрылыс жобасымен айналысатын компания өкілдері жаңа сот ғимаратының эскизі-жобасын ұсынып, құрылысқа қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Мұндағы басты мәселе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жайы болды. Яғни, жаңа сот ғимаратын газ, су, электр жарығымен қамтамасыз ету, кәріз құдығын қазу мәселесіне жергілікті атқарушы органдардың атсалысуы жайлы әңгіме қозғалды. Бегзат Болатбеков жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті көмек және қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, Бегзат Сейсенқұлұлы жаңа нысан салғанда ғимарат маңын абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударылуы керектігін ескертті.

Атап өту керек, аудандық соттың ескі ғимараты апатты деп танылып, сүріліп тасталған болатын. Жобалаушы компания өкілдерінің сөзінше, жаңа ғимарат барлық талаптарға сай заманауи болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.