ЖАҢА ҚОНЫС – ЖАҢА БАҚЫТ

0

Қазақстанда тұрғын үйлерді сатып алудың мемлекеттік бағдарламасы бар, оның аясында Мемлекет басшысының азаматтардың әртүрлі санаттары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама, атап айтқанда, соғыс ардагерлерін, жетім балаларды, көп балалы отбасыларды және азаматтардың басқа да осал санаттарын баспанамен қамтамасыз етуді көздейді.

Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрғын үй бағдарламасын, соның ішінде ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындарын тұрғын үймен қамтуды ұсынды. Президенттің айтуынша, жаңа жеңілдетілген ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйлердің көптеп салынуы құрылыс саласын жандандырып, ең бастысы, адал еңбек етіп жатқан жүздеген мың қандастарымыз және мұқтаж жандардың көпшілігінің баспанаға қол жеткізуіне ықпал етеді.

Қордай ауданында ел Президентінің тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков 144 баспанаға мұқтаж адамдарға салтанатты түрде жаңа үйлердің кілтін табыстады. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар. Тұрғын үй сатып алу бағдарламасы аясында Қордай ауылының «Шығыс» шағын ауданында барлығы 36 төрт пәтерлі тұрғын үй салынды.

-Бұл – тек жаңа тұрғын үй құрылысы емес, баспанаға мұқтаж әр отбасы үшін жаңа өмірдің, жарқын үміттің бастауы. Осы қуанышты сәтпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттытау сөзінде. — Қазіргі таңда ауданымызда тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде алты түрлі санат бойынша 2 844 адам тіркелген. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі екені баршаңызға мәлім. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер — Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыттағы саясатының ауданымызда нақты жүзеге асып жатқанының айқын дәлелі. Бұл – елдің қамын ойлаған бірліктің, тұрақтылықтың жемісі деп білемін. Жаңа қоныс баршаңызға құтты болсын! Жаңа баспана әр отбасы үшін береке мен бақыттың ордасы болсын! Жаңа қоныстағы әр күндеріңіз нұрлы, шуақты болсын!

-Мен үшін бүгін қуанышқа толы күн. Көптен күткен сәтке де жеттім, — деді салтанат барысында сөз алған Карина Қасымбекова. – Ата-ана қамқорлығынсыз қалғаннан бері өз үйім болса екен деген зор арманым болған. Сол арманымды орындағандырыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.

Шараға Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов та қатысты. Аудандық аудагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жаңа қоныстанушыларды құттықтап, барша отбасына бақыт пен береке тіледі.

Жалпы ауданда баспанаға мұқтаж 2844 азамат тіркелген. Оның 173-і жетім балалар, 841-і көп балалы аналар мен отбасылар, 1295-і халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар, 532-сі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.