Құрметті кітап сүйер қауым! Сіздерді Қордай аудандық орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінде ұйымдастырылған «Кітаптар әлемінде» атты кітап көрмесімен танысуға шақырамыз.
Көрмеге детектив жанрының жолын ашқан қаламы қарымды көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай шыққан бес томдық шығармалар жинағы қойылды.
Қаламгердің шығармалар жинағының бірінші томында «Солдат соғысқа кетті» романымен қатар «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері берілді. Екінші томында «Соңғы соққы» романы берілді. Туындыда Жетісу өңіріндегі жиырмасыншы жылдардың от –жалынға оранған күреске толы күндері кеңінен сипатталады. Үшінші томына «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі енді. Төртінші томына адалдық пен әділдікті, батылдық пен тапқырлықты арқау еткен, шынайылығы әсерлі, шытырман оқиғалы «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық» повестері мен «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында», «Жұлдызды жорық» әңгімелері енді. Бесінші томға қаламгердің «Замандастар сыры» атты деректі жазбалары еніп отыр. Мұнда ол соғыс жылдарында туысқан Украина жерінде қайсарлық танытып күрескен партизандар өмірін байсалдылықпен әңгімелейді.
Бес томдық шығармалар жинағының түйін сөзі ретінде Қасым –Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» эссесі, сондай-ақ қаламдастары мен замандастарының естеліктері де берілді. Қазақтың бұлбұл әншісі, дүлдүл ақыны Кенен Әзірбаев туралы Бақытжан Кененұлының «Дүлдүл» кітабы, Бақытжан Кененұлының әндері нотасымен, өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары, замандас достарының, әріптестерінің естелік эсселері енгізілген «Тұлпардың тұяғы» кітабы, қазақ әдебиеті кеңістігінде өз биігі бар, ұлт руханиятының абызына айналған дара тұлға Шерхан Мұртазаның кейінгі жылдары жазылған пьесалары, әңгімелері мен күнделіктері енгізілген «Ауылды, сені сағынам» кітабы, Сәуле Досжанның «Өгей жүрек» шығармасы Қазақстанда ғана емес, Орта Азия елдеріндегі тұңғыш рет жасалған жүрек алмастыру операциясының тарихы жазылған деректі хикаяты, ширек ғасырдан астам Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын басқарған Асанбай Асқаров қым-қуат күрделі кезенде көптеген көрнекті қайраткерлермен қызметтес болып, қаншама еңбек адамдарымен дидарласып, олардың күш-қайратын шаруашылық істерге жұмылдырып отырған. Осындай халқы сүйген, халқын сүйген өнегелі азамат кейін жазықсыз жалаға ұшырады, түрмеге жабылып, жазықсыз жапа шекті. Жақсылықтың да, жамандықтың да бәрі адамдардың ортасында, қоғамдық ортада өтті. Асанбай Асқаровтың Тағдыр. Судьба кітабы сол адамдар, сол орта туралы сыр шертеді. Кітап қазақша және орыс тілінде берілген, ұрпақ сабастығы, атадан-балаға ауысып келе жатқан салт-дәстүр сабақтастығы, туған ел, туған жерге деген сүйіспеншілік, туған тілге адалдық жас өскінге тәлім-тәрбие беретін Шәкен Күмісбайұлының «Көне күмбездің сыры» шығармасы, «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен шыққан Мадина Омарованың «Менің қаһарман шөберем» кітабы және тағы басқа 50-ден аса жаңа әдебиеттер қойылды. Қордай ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 37 кітапханаға жаңа кітаптар таратылып, кітап көрмелер ұйымдастырылды.
Көрмеге тарихи және көркем әдеби кітаптар, балалардың ой-өрісін дамытатын түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітапшалар, балаларды адамгершілікке, Отан сүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулитын өлең- тақпақтар, ертегілер, әңгімелер мен танымдық әдебиеттер қойылды.
У. Жанұзақова, Қордай аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің
библиографы