ЖАҢА ӨҢІРДЕ ЖАҢА ӨМІР БАСТАУҒА ШАҚЫРДЫ

0

Сейсенбі күні Қасық ауылдық округі, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде Ұлытау және Абай облысының өкілдерінің қатысуымен, «Өңіраралық бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.

Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бойынша өткізілген жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобилділігі орталығының директоры Серік Әлібеков, Ұлытау облысы Еңбек мобилділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаев, Абай облысының Еңбек мобилділігі орталығының болжау, мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Айдана Мұхаметжанова, Қордай аудандық «Мансап» орталығының директоры Саламат Көпешов, сондай-ақ, Қордай ауданы тұрғындары және аталмыш өңірлердің ауылдық округ әкімдері қатысты.

«Ұлытау облысы мемлекеттік қолдау шаралары арқылы елдің түрлі аймақтарынан қоныс аударушыларды қабылдауға дайын. Бағдарламаға Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары қатыса алады.

Өңірге көшіп келген әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК (257 240 теңге) көлемінде біржолғы субсидия қарастырылған. Бұған қоса, бір жыл бойы ай сайын 117 960 теңгеге дейінгі тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық шығын өтеледі»,-дейді Ұлытау облысы Еңбек мобилділігі орталығы директоры Айдар Саятұлы.

Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында қоныс аудару бағдарламасымен көшіп келушілерге көрсетілетін мемлекеттік көмек түрлері туралы кеңінен баяндалды.

Қоныстанушы үйді жеке меншігіне сатып алуға ниет білдірсе, 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында қоныс аударушылар, қандастар үшін тұрғын үйді сатып алуға материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты бар. Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50 пайызы беріледі.

«Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды қолдау аясында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, көшу үшін бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК құрайды. Қоныс аударушылар мен қандастарға қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік оқытуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі»,-деді Абай облысының мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Айдана Аманғазықызы.

Айта кетейік, өңіраралық іс-шара еліміздің жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге халықты қоныстандыруға бағытталған.

Қоныс аударушылар үшін қоныстану өңірінде 5 жыл тұрақтану шартымен қабылданады, ал шартты бұзған бағдарлама қатысушылары барлық мемлекеттік қолдауларды кері қайтаруға мәжбүр болады.

Әділет Құттыбай

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.