17 маусым күні Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Бұл әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елге заңсыз жолмен иемденілген және мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған маңызды жобалардың бірі болды.
Айта кетейік, Президент 2023 жылдың 12 маусымында «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойған болатын. Аталған Заң аясында қайтарылған қаражатты халық игілігіне жарату – мемлекеттің әлеуметтік тұрғындағы саясатының басым бағыттарының бірі.
Қордай ауданында бұл бастама нақты істермен жалғасып, Үлкен Сұлутөр ауылында бой көтерген жаңа медициналық нысан – соның айғағы болды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жүзеге асқан амбулатория тәулігіне 45 тұрғынды қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаның тапсырыс берушісі – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы болса, құрылыс жұмыстарын «Синдикат Групп» ЖШС жүзеге асырған.
Аудан әкімінің тапсырмасымен жүзеге асқан бұл жаңа медициналық мекеме тек Үлкен Сұлутөр ауылының ғана емес, көршілес Сұлутөр және Көктөбе елді мекендерінің тұрғындары үшін де қызмет көрсетеді. Енді шалғай ауыл халқы аудан орталығына бармай-ақ, сапалы медициналық қызметті өз ауылдарында ала алады. Бұл әсіресе қыстың қытымыр күндерінде, жол қатынасы қиындаған уақытта, тұрғындар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Амбулаторияда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, халықтың денсаулығын уақытылы бақылауға мүмкіндік артады. Сондай-ақ мұнда зертханалық анализ тапсыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, бұл нысанның мемлекет қаражатын тиімді пайдаланудың үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтап, амбулаторияның игілігі мол боларына сенім білдірді.
Ашылу рәсімінде лентаны облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және ауданымыздың Құрметті азаматы Қапасбек Ақылқожаев ақсақал қиып, жаңа нысанның ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолында үлкен қызмет атқаратынына тілектестік білдірді. Қонақтар мен ауыл тұрғындары амбулатория ішін аралап, заманауи құрал-жабдықтармен танысты.
Шара барысында ұлттық дәстүрге сай әжелер шашу шашып, көпшіліктің қуанышын бөлісті.
Мемлекет қамқорлығының нақты көрінісі болған жаңа амбулатория ауыл халқының игілігіне қызмет етіп, саулығының сенімді тірегіне айналсын!
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ