ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

0

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға үлкен көңіл бөлініп, өскелең ұрпақтың әлеуметтік, интеллектуалдық және физикалық дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар қолға алынған. Жыл сайын жаңа бөбекжайлар да бой көтеріп, кішкентай ұл-қыздарымыздың сапалы білім алуына, ой-өрістерінің өсуіне мол мүмкіндіктер туындауда.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Степной ауылында «Рауан-Қордай» балабақшасының заман талабына сай жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекеменің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, Степной ауылдық округінің әкімі Қайрат Жолдасбаев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Шара барысында әдеттегідей символикалық қызыл лента қиылып, жиналған қауым жылы лебіздерін жеткізді.
Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан бөбекжай заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Ойын бөлмелерінен бөлек медициналық кабинеті, асханасы, ауласында әткеншектері мен сырғанағы орналасқан ойын алаңшасы бар. 260 орынға арналған балабақшада балғындар уақыттарын көңілді өткізумен қатар, білікті педагогтардан тағылымды тәлім алатын болады. Ата-аналар да бұл білім ұясынан саналы әрі тәрбиелі ұрпақ өсіп шығатынына сенімді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.